Басты жаңалықтарҚоғам

Министрлер төтенше жағдай кезінде жұмсалған қаржының есебін берсін – депутат

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттық сауал жолдаған коммунистер министрліктерді шетінен сынға алды. Бұл туралы BasNews.kz хабарлады.

Фракция атынан сауал жолдаған Ирина Смирнова ведомстволардың көпшілігі “жедел шешім қабылдай алмады”, “бір-біріне қарсы шешім шығарып, елді әуре-сарсаңға салды” деп сөкті.

Мәселен, 42 500 теңге төлемді жыр қылған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде елдегі мұқтаж жандардың тізімі болмай шыққан.

“42 500 теңге төлемі елді даурықтырғаны жасырын емес. Министрліктің алдын ала ойластырылмаған, сенімсіз қадамдары, қоғам арасында наразылықты одан сайын өршітіп жіберді. Азаматтар әбігерге түсіп, қойылған талаптарды әрқайсы өзінше түсініп шатасты. Жағдай елімізде мүгедектер, ауыр жағдайдағы азаматтар мен отбасылар туралы нақты мәліметтің жоғын көрсетті. Нәтижесінде жәрдемақыға өтініш бермегендері оны алды, ал шын мұқтаж жандардың біразы әлі де қол жеткізе алмай отыр. Артылған жүкті өзге азаматтар көтерді: еріктілер өз қолдарымен мұқтаж жандардың тізімін реттеп, көмек көрсетті. Демеуші іздеп, өздері жүгірді”,- деді депутат.

Денсаулық сақтау министрлігі де сын садағына ілінді.

“Бетперде, қорғаныш көзілдіріктер, арнайы костюмдердің тапшылығы, вирус жұқтырғандар мен күнделікті ем алып жүрген пациенттердің ретсіз, жүйесіз орналастырылуы дәрігерлердің жаппай инфекция жұқтыруына әкеп соқты. Бұл санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің біліктілігінің төмендігін көрсетті. Төтенше жағдайға дайын болмай шыққанын аңғартты. Министрліктің санитарлық-эпидемиологиялық қызметті оптимизациялау шешімін жөнсіз әрі қауіпті екенін тағы бір мәрте ескерткіміз келеді. Обаға қарсы зертханалардың жойылуы тіптен ақылға қонымсыз. Министрліктің кадрларға деген көзқарасы өзгереді деп үміттенеміз. Инфекционист, вирусологтардың аса қажет екенін мойындайтын шығар”, – деді Ирина Смирнова.

Депутат сондай-ақ, білім саласындағы шикіліктерді де жіпке тізді.

“Білім беру саласының цифрландырылуы өте төмен деңгейде екені әшкереленді. Қала мен ауыл баласының арасындағы сапалы білімге қолжетімділік айырмашылығы үдей түсті. Кей аймақтар мектепке дейінгі білімге немқұрайлы қарап отыр. Қаржы министрлігі көп уақыттан бері жеке секторды жан басына қарай қаржыландыру бастамасын қолдамай отырғаны таң қалдырады”, деді ол.

Министрліктер мен ведомствоаралық қарама-қайшылықтар да елге кесірін тигізіп отыр. Соның салдарынан түркістандық шаруалар маңдай термен өсірген қырыққабатты жоюға мәжбүр болыпты. Бұған депутат Ауыл шаруашылығы министрлігін кінәлады.

“Ауыл шаруашылығы министрлігі өнімді экспорттауға тыйым салады. Ал ел ішіндегі логистика жағын ойластырмайды. Сауда министрлігі мүлде оқшауланып қалған. Олар үшін небары 5 көтерме-тарату орталығын бақандай 240 млрд теңгеге салу әлдеқайда жағымды болып тұр”, деді Ирина Смирнова.

Депутат сауалын түйіндей келе министрліктердің эпидемия кезінде қабылдаған шешімдерін сараптап, бюджет қаржысын қаншалықты оңтайлы жұмсағанын тексеріп, нәтижесін депутаттардың назарына ұсынуды сұрады.

Басқа материалдар

Back to top button