АЙМАҚБасты жаңалықтарҚоғамТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ
Отырарда бұрын-соңды мұндай жаттығу болмаған
Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Көксарай елді мекенінде «Сырдария-Түркістан МӨТП» КММ-нің ұйымдастыруымен, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен Көксарай ауыл округі әкімдігімен бірлесіп Орман-Тоғай өрттерінің алдын алу мақсатында оқу-жаттығу жиыны өтті. Жалпы шараға 100-ден аса адам қатысып, 10 техника жұмылдырылды.
Өткен жылы Отырар ауданында дала өрттері орын алып, жалпы көлемі 29 гектар жер өртке оранған болатын. Тиісті мамандар дер кезінде әрекет етіп, адам шығыны болған жоқ. Бүгінде өңірде тілсіз жаудың алдын алу үшін тиісті жұмыстар басталды.
Тактикалық оқу-жаттығу барысында орман-тоғай өрттерінің алдын алу бойынша жаттығулар жүргізіліп, сондай-ақ өрттердің алдын алу және шомылу маусымы кезіндегі сақтық шаралары туралы ақпарат берілді.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры Мейрамхан Кемелханов суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Өйткені тыйым салынған және жабдықталмаған шомылудың соңы өлімге алып келуі мүмкін екендігін жеткізді.
– Жыл басынан бері аудандағы суға түсуге тыйым салынған өзендер мен каналдардың бойында орналасқан 500-ден аса тұрғын үйлерді аралау арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылды. Сондай-ақ жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, аудан көлемінде 22 рейд ұйымдастырылды және 125 қызметкер тартылып, аталған жұмыстарға 25 еріктілер жұмылдырылды, – деді Мейрамхан Кемелханов.
Биыл Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі және «Сырдария –Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ-нің Түркістан филиалымен бірлескен өзара іс-қимыл жоспарлары бекітілген болатын. Жоспар бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Айта кетейік, биыл жыл басынан бері Отырар ауданында орман-тоғай өрттері тіркелмеген. Жауаптылар алдағы уақытта да төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жұмыстарды тұрақты түрде жүргізетін болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі