Әнші Нұрболат Абдуллин оралдық ақынның ызасын келтірді.
Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Махаббат бер маған» әнінің сөзін жазған ақын, журналист Мұнайдар Балмолда facebook парақшасында Нұрболат Абдуллинің «Сен қорқақсың!» әнінің атауын сынға алды.
«Көрер көзге томпақ, естіген құлаққа түрпідей тиер осындай атаумен де жұртты концертке шақыратын болған ба?» деп қынжылады автор. Тіпті ақынға әннің тұтас мәтіні де ұнамаған. Ызасы келген Мұнайдар Балмолда «МӘДЕНИЕТТІ МАНСҰҚ ҚЫЛЫПТЫ» деген тақырыппен пост шығарыпты.
«Бүгін нөмірі 5-ші қоғамдық көлікке отыра қойғанмын, Нұрболат Абдуллиннің суреті бақырайып тұр. «Сен қорқақсың!» деп астына бадырайтып жазып қойыпты. «О, тоба бұл не болды?» деп жөндеп қарасам, бұл әнші жігіт «Сен қорқақсың» деп аталатын өзінің ән кешіне көзін бақырайтып шақырып тұрған түрі екен. Осылай да атау қояды екен-ау?))))) Көрер көзге томпақ, естіген құлаққа түрпідей тиер осындай атаумен де жұртты концертке шақыратын болған ба? Кімге айтып тұр ол сөзді? Құдай сақтасын. Иә, «Сен қорқақсың, Келе алмайсың» деп өзбекше ме бір әуенге салып, үйіп-төгіп сөз ақтарған әннің атын концертке қоймаса болар еді ғой. Сондай керемет ән емес екен. Әдейі іздеп, тауып алып тыңдадым. Түк ұнамады. «Сен өзі адам емес…» деген де әні бар екен. Құрсын құрымағырды.))) Мәдениеттілік қайда? Тілімізді де бұзып тұр. Ай, ай, көркемдік кеңес деген жоқ, бүйте берсе ертең бейәдеп сөзді де жазып қояр бұлар. «Сен қорқақсың» дейді ғой, сонда өзің батыр ма екенсің? Ел-жұртқа бұлай деуге болады ма? Кімге айтса да, мұндай афиша көптің түйсігіне кері әсерін тигізері анық. Төмендегі суретті интернеттен алдым, концерттің афишасы бұдан басқаша».