Чехия Қазақстанның несіне қызығып отыр?

Сәуір айы Елордалықтар үшін қарбаласқа толы болды. Себебі, бас-аяғы екі аптаның ішінде Ақордаға бірнеше елдің басшылары келіп кетті. Кеше ғана Израиль Президентін қабылдаған Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін тағы бір мәртебелі мейманды қарсы алды. Бас қалаға Чех Республикасының премьер-министрі Андрей Бабиш ресми сапармен табан тіреді. Шығыс Еуропадағы ең беделді саясаткердің келуіне орай, бас резиденцияда әдеттегідей құрмет қарауылы сап түзеді. Ресми шарадан соң қос елдің өкілдері шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Прага арасында бұрыннан тығыз достық қарым-қатынас орнағанын, бұл серіктестік одан әрі дами түсетініне сенім білдірді.
-Екіжақты саяси ынтымақтастық пен экономикалық қарым-қатынастың болашағы зор деп санаймын. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы миссияларымыз тығыз жұмыс істеп, диалогты тұрақты түрде сақтап келеді. Көптеген бағыт бойынша байланыстарымызды дамытуға мүмкіндік жеткілікті,- деді Қазақстан Президенті.
Ал, Чех премьері Елордаға тек үкімет мүшелерімен ғана ат басын бұрмапты. Андрей Бабиш бас қалаға Влтава жағасынан елдегі мүйізі қарағайдай кәсіпорындардың басшыларын ерте келген. Оның арасында әлемге жүк көліктерімен танымал Татра компаниясы да бар. Делегаттар күні кеше Астанада ауқымды бизнес-форум өткізіп, маңызды келісімдерге қол жеткізіп үлгерген. Айта кету керек, 71 жастағы саясаткер осыдан жарты ғасыр бұрын университет қабырғасын аяқтаған уақытта, Шымкент пен Жамбыл өңірімен тығыз жұмыс істейтін Чехияның департаментінде еңбек жолын бастаған көрінеді. Сондықтан, біздің елге бір келу мейманның көптен бергі арманы болған екен. Жиын соңында Президент Андрей Бабишті 1 дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
-Біз Қазақстанды стратегиялық серіктес санаймыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты тауар айналымының көлемін арттырамыз деп сенемін. Ең алдымен, энергетика саласындағы ықпалдастықты нығайтқымыз келеді. Сіздің елден ұзақ мерзімді мұнай тасымалына мүдделіміз. Энергетика саласын дамыту стратегиямыз атом энергиясына арқа сүйейді. Сондықтан, Қазақстанға әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекет ретінде де қызығушылық танытамыз,-деді Чехия премьер-министрі.
А.Орынғали
ФОТО: akorda.kz



