Басты жаңалықтарҚоғам

Осы үйде атып, көміп тастаңдар…

Көші-қон  жүйесінің талабына ашынған ақсақалдың басқа таңдауы қалмапты. Ақмола облысы Ерейментау ауданында тұратын Сабырғали ақсақал не Қазақ даласына симайды, не кейін қайта алмайды. Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.

Ерейментаудан 100 шақырымдай жердегі Күншалған ауылы бұл. Қараусыз қирап, қаңқалары ғана қалған үйлерді көріп, ауылдың күйісі кетіп ақ тұрғанын аңдау қиын емес. Мұнда екі жүздей ғана отбасы тұрады екен.

Ауыл шетіндегі баспаналардың бірінде Сабырғали ата тұрады. Біраз уақыт бұрын төсек тартып қалған. Бірақ оған кейін тоқталамыз. Бір жарым жыл бұрын Қытай елінен өзінің тарихи отанына оралған. Алайда, ресми тіркеуге әлі күнге дейін тұра алмай жүр. Ерейментаудағы көші-қон полициясы қарияға күн көрсетпей келеді екен. Қытайдан сотталмағаны туралы анықтама әкел деп.

САБЫРҒАЛИ СОЛТАНШӘРІП, КҮНШАЛҒАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:«Ауылдық, аудан, аймақ осы үш жерден әкелдік. Біздің Қытайда бір жапырақ қағазды барлық жерден іздемейді ғой. Қыстақтыкі болса да мойындайды. Заңды таңбалы қағазы болса, бітті. Ал мына жерде әкеп жатсаң керек қылмайды, бұл қанджай заң екенін мен де біліп болмадым».

Бір жапырақ қағаздың кесірінен бәле арқалаған Сабырғали ақсақал соның соңында салпаңдаймын деп ауру да арқалап алды. Қолында құжат жоқ, дұрыс ем де ала алмайды. Визада көрсетілген уақыты асып кеткен соң, айыппұл да арқалауға тура келген. Заңға сәйкес, қайтадан Қытай асып, құжаттарын реттеуі керек, бірақ қария Қытайыңды қой деп отыр.

САБЫРҒАЛИ СОЛТАНШӘРІП, КҮНШАЛҒАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:«Көміп тастаса да ризамын. Енді Қытайға бара алмаймын. Осы үйде атып таста да апарып, көміп таста, бітті шаруа. Екеуімізге екі тал оқ қой екі торғайға кетіп қалатұғын!»

Дендеген ауру асқынып, Сабырғали атаның құлағы да естімей қалыпты. Біз қойған сауалдарды жұбайы Тарақан апай қағаз бетіне жазып жеткізіп отыр. Біраз отырып, әңгімелесіп едік, ағаның белі шыдатпай қайта жатып қалды.

ТАРАҚАН САҒАТБЕКҚЫЗЫ, КҮНШАЛҒАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:«Таң атқанша мен өстіп ұстап отырамын. Сипап отырамын, сипап отырамын. Әйту талыққанда ұйықтайды. Қазір тамақ ішуі де нашар болып қалды».

Мынадай күйде Қытай түгілі, үйдің ауласына да шығу мұң. Шекара асқан күннің өзінде ар жақтың тәртіп сақшылары алақанын ысқылап күтіп отырған көрінеді. Ол жақта да заң бұзушы бол тұр. Рұқсат етілген мерзімде қайтып келмегені үшін абақтыға қамалуы мүмкін.

ТАРАҚАН САҒАТБЕКҚЫЗЫ, КҮНШАЛҒАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:«Қытайға барсақ, біз қазір түрмеге кіреміз ғой. Соның түбінде өлеміз. Қытайға кететін болсақ, бізді енді шекарадан өткізбейді де ғой. Балам екеуміз сотталмаған қағазды Үрімшіден әкелдік дегенде бардық. Содан лақтырып жіберді. Мынау құсап, кісі қағаз жаздыра ма екен, мынау емес,- деп, мен соны бір-ақ рет көрдім. Одан кейін көргем жоқ».

Тарақан апа көші-қон қызметіне баруға қорқып қалған сияқты. Аудан орталығына барып, инспекторға біз де жолығып көрдік. Сұхбат бермеді. Бірақ заңнан аттап баспадым деп жауап қатті бізге.

«Облыс шешеді, мен шешпеймін ғой. Мен орындаушымын жай ғана. Маған қандай заң келеді мен сонымен жасаймын».

Облыстағы басшылық бұл мәселеден шығудың жалғыз ғана жолы бар дейді. Елден шығу визасын алып, Қытайға аттану керек. Заң талабы сондай.

ГҮЛНАР ПИНЧУК, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ІІД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: «Қазіргі уақытта бұл азаматтар Қазақстанның көші-қон заңнамасяны сай тәртіп бұзушылар болып табылады. Олар салынған айыппұлды өтеген соң бір жылдан кейін ғана елімізде тұрақты тұруға өтініш бере алады. Қытайға барып, кез келген визамен қайтып келе алады».

Түрме мен өлімнің арасында таңдау. Шарасыз күйге түскен кеуйана отағасының еміне ақшаны қайдан тауып отырғанын күйзеліспен айтады. Қорадағы малдарды сатып, амалдап отыр екен. Ол таусылса, жер үйді де сатудан басқа амал қалмайды дейді. Ал ол таяуда таусылады. Сондықтан Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтан көмек қолын созуды сұрауда.

ТАРАҚАН САҒАТБЕКҚЫЗЫ, КҮНШАЛҒАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:«Қазіргі ең басты арманыңыз қандай? – Арманымыз сол енді осы шал жазылса, содан кейін соның азаматтыңын өтсек деп отырмыз ғой. басқа не арман болады?…».

 

Басқа материалдар

Back to top button