Басты жаңалықтарТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

Құрлық пен судағы шекараны күзетудің қиындығы қандай?

  Шекара – жауынгерлік борышын атқарып жүрген сарбаз үшін қасиетті ұғым, абыройлы міндет. Бұл қызмет Отан қорғау жолында орасан зор жауапкершілікті жүктейді. Сондықтан, қызмет барысында қырағылық танытқан әрбір шекара жауынгерін еліміздің қалқаны деп толық сеніммен айта аламыз. Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы атты әскер заставасы  көрші Өзбекстанмен шекаралас таулы аймақтар күзетеді екен.

Әрине, ұлан байтақ жеріміздің шекарасын берік ұстау оңай шаруа емес. Мәселен, еліміздің шекарасының жалпы ұзындығы 13 мың шақырымнан асады. Ал, бір ғана Өзбекстанмен 2300 шақырым жерге тікен сым тартылған. Заңсыздықтарға жол бермеу үшін осындай заставалардағы сарбаздар кірпік қақпай жауынгерлік қызмет атқарады.

«Бір нарядта әрбір тағайындалған қызметшінің міндеті әр түрлі болады. 15 шақырым жерді аралап тексеріп шығатын кездер болады.  Егер шекара сақшысы немесе басқа нарядтарға тағайындалса, олардың қызмет атқару тәсіліне байланысты белгіленген аумақта сол жерде патрульдік қызмет атқарады. Ол кезде кемінде үш, төрт километр жерді бақылауда ұстайды. Шекара бұзушыларды ұстаған жағдайда оларды ңөздерінің қылмысының ауырлығына қарай жазалар қарастырылған. Мысалы, шет мемлекеттің шекарасын бұзып өткен жағдайда Қылмыстық Кодекстің баптарына сәйкес жазаланады. Ал егер де шекара режимін бұзып ұсталған жағдайда олар Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексі бойынша жазаға тартылады. Аттардың да көмегі бар. Шекара қызметінде жылқылар шекара нарядтарын күшейтуге қолданылады. Олардың көмегі әсіресе автокөлік жүре алмайтын жерлерге барып, тексеру үшін қолданылады»,-дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасы «Қазығұрт» шекара бөлімшесі бастығының орынбасары Оразхан Ержанұлы.

Шекараны заңсыз кесіп өткісі келген азаматтар көбінесе осындай таулы аймақтарды жағалайды. Бұл тұстар дұрыс күзетілмейді деп ойлайды. Бірақ, қырағы сарбаздарымыз жеріміздің әр шаршы метрін қалт жібермей қадағалап отырады. Адам аяғы баспайтын жерлерге осы аттармен жетеді. Сенімді серіктері сардарларымызды ешқашан жаяу қалдырған емес.

«Бұл жылқының мемлекеттік  шекараны күзету қызметінде үлесі өте жоғары. Жылқыны баптау үшін таңғы сағат жетіден кезекші тағайындалады. Жемін, суын өз уақытында беріп отырады. Бір жылқыны дайындауға 10-15 минут уақыт кетеді. Аттың үстін тарап, үстіне тоқымын, ерін салып, ауыздығын салуға 10-15 минуттай кетеді. Жылына екі, үш мемлекеттік шекара бұзушыны ұстаймыз. Көбінесе олар Өзбекстан Республикасының азаматтары. Осындай азаматтарды ұстауда аттың үлесі жоғары. Ұсталған адамдарды шекара бөлімшесіне жеткіземіз. Әрі қарай ұстағанымызды баяндап, шекара жасағына жөнелтеміз. 15 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан жылқылар бар»,- дейді аға сержант, «Қазығұрт» шекара бөлімшесінің старшинасы Нұржан Махамбетов.

Ал, мерзімді әскери қызметшілердің басым бөлігі ауылда аттың құлағында ойнап өскен жігіттер болған соң оларға бұл жұмыс аса қиындық тудыра қоймайтын көрінеді. Бір жасақ тәулігіне жүздеген шақырым шекараны барлап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Қандай да бір жағдай бола қалған жағдайда арнайы байланыс құралы арқылы баянат жасалады.

Шекара бөлігін толық аралап шығу қиын жұмыс. Сондықтан, мұндай қызметке өзіміздің қазақы жылқылар таңдалады. Олар суық пен аптап ыстыққа төзімді келеді.

Ал, қос елдің аумағынан өтетін трансшекаралық өзендердің ең ірісі дәл осы Сырдария. Шекараның сумен жалғанған аумағын Сарыағаш ауданына қарасты «Бірлік» заставасының әскери қызметшілеріне күзету жүктелген. Олар талай жылдан бері бұл жұмысты абыроймен атқарып келеді.

Шекара бекетінің тағы бір ерекшелігі мұнда катер мен көлікпен арнайы наряд қауіпсіздікті бақылайды. Ал, шекараны заңсыз кесіп өтетіндер мен браконьерлердің қашуына ешқандай мүмкіндік жоқ. Олар қырағы жауынгерлердің көмегімен қолға түседі.

«Ұсталған азаматтарды бөлімшеге алып барамыз. Шекара күзету барысында өздерінің құрал-жабдықтарымен мемлекеттік шекараны бұзып, заңсыз балық аулайтындар қолға түседі»,-дейді Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасы «Бірлік» шекара бөлімшесі шағын катер тобының катер командирі Нұржігіт Жолдасбаев.

Екі елге ортақ Сырдарияның флора мен фаунасы өте бай. Дәл осы біздің бөлікте балықтың қоры мол екен. Бұл жағдай шеттен келетін браконьерлерді де қызықтырмай қоймайды. Олар шекараны заңсыз кесіп, жүздеген метр болатын ау тастауға тырысады. Бірақ, біздің қырағы әскерилер ондай әрекеттерге жол бермейді.

Еліміздің оңтүстік бөлігі мен Өзбекстанның дәл осы тұсында халық өте көп шоғырланған. Мұнда тіпті әр шаршы шақырымға 500-600 адамнан қоныстанған бөліктер де жиі кездеседі. Сондықтан, тікен сым дәл осындай елдімекендердің шетінен тартылған. Ала шапанды ағайындармен тілдесуге де болады.

Катерлермен Сырдария өзенін бақылап келген соң заставаға қарай жол тарттық. «Бірлік» бөлімшесінің негізгі іргетасы 2003 жылы қаланған. Ал, 2012 жылы казармалар мен үй-жайлар күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңғыртылыпты. Бөлімшеге үлкен жауапкершілік артылғандықтан бұл жерде тек әскери келісімшарт қызметкерлері ғана еңбек етеді екен.

«Бірлік» шекара бөлімшесі 2011 жылы палатқа болып құрылған еді. 2012 жылдың наурыз айынан бастап модуль ретінде ғимарат болып салынған. «Бірлік» шекара бөлімшесі Сарыағаш ауданы бойынша бір бөлімше. Оның басқа құрылымдардан өзгешелігі, біз құрлықта да, суда да күзетеміз.  Сумен күзетуде біздің шекара бөлімшесінің көп бөлігі осы Сырдария өзенінен өткендіктен, бізде шағын катерлер тобы бар. Астанадан келген арнайы мамандар шағын катер тобын дайындап, өзен арқылы мемлекеттік шекараны берік күзетуде», дейді аға лейтенант, «Бірлік» шекара бөлімшесі бастығының орынбасары Шәкәрім Әбен.

«Бірлік» заставасы орналасқан дәл осы Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасының құрылғанына биыл 25 жыл. Ширек ғасырлық тарихы бар басқарма бүгін ұлан-асыр той жасап жатыр екен. Салтанатты шараға офицерлер мен келісімшарт қызметкерлерінен бөлек осы саланың ардагерлері де арнайы шақырылған.

Бұл застава Өзбекстанмен шекараның 35 шақырым аумағын күзетеді. Қызметтері оңай емес. Бірі дарияның суын күзетсе, екіншісі құрлықтағы әр шаршы метрді жіті бақылайды.

«Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасының арасын бөліп тұрған 200 шақырым шекараны күзетеміз. Бұл шекараның 130 шақырымдайы құрлықпен өтсе, 70 шақырымдайы өзенмен өтеді. Өзен шекарасында, құрлықты да күзететін жеке құрамдарымыз бар. Кедендік бекеттер бойынша Қазақстан мен Өзбекстанды қосып тұрған мобильдік өткізу пункттері бар. Темір жол арқылы өткізу пункті бар. Жүк тасымалдауға арналған ауыр көліктер өтететін пункт бар. Өзім шекара аумағында туып өскем. Шығыс Қазақстан өңірі Зайсан аймағында шекара аумағында туып, Қытаймен екі арадағы шекарашылармен бірге болғаннан кейін бала күнімен офицер боламын деп аңсап өстім. Сол арманым орындалып, бүгінде бір шекара басқармасын басқарып отрымыз. Жалпы, мұнда келетін жігіттердің барлығы өздерінің париоттық сезімдерімен шекараны күзетеміз деген ата-бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен тапсырып сақтап, аманаттап кеткен қорғап жатқандарын сезінеді. Қиыншылық әрбір жұмыста болады. Бірақ біздің шекарашылар ол қиындыққа төзе біледі. Абыроймен атқарып келеді деген ойдамын»,-дейді Полковник, Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы Асқар Болатов.

А.Орынғали

Басқа материалдар

Back to top button