Елбасының қатысуымен жабық жиын өтуде
Астана клубының үшінші отырысы жабық режімде, бірақ «Chatham house» форматында өтуде. Яғни, қатысушылар геосаяси мәселеге байланысты пікірлерді, ұсыныстарды, проблеманы ашық талқылайды. Ал мұндай форматтағы пікір талас алаңы дүниежүзінде көп емес. Астана клубының бір артықшылығы осы.
Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келген сақа сарапшылар арасында Абдулла Гүл бастаған Түркияның, Чехия мен Словенияның бұрынғы президенттері де бар. Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы қорының ұйытқы болуымен өтіп жатқан жиын биыл «Үлкен Еуразия – 2027: конфронтация және серіктестік» тақырыбында өрбуде.
Ерекше форматтағы пікір талас алаңында 27 елден келген 60-тан аса қатысушы басқосты. Оның ішінде АҚШ, Ресей, Қытай, жалпы Еуразия құрлығындағы бір-бірімен дүрдараз, мүдделес мемлекеттердің өкілдері де жүр.
Астана клубындағы пікір талас барысында қатысушылар жаһандық қауіпсіздік, оның ішінде Корей түбегіндегі шиеленіс жағдайындағы ядролық қарусыздандыру, Орталық Азиядағы белең алған үрдістер секілді өзекті мәселелерге назар аударуда.