Мақсат Толықбай араб инвесторының тайраңдап кеткеніне ашуланды (видео)

Депутат Мақсат Толықбай Астанадағы Назарбаев Халықаралық әуежайын сенімгерлік басқаруға алған арабтардың тайраңдап кеткенін ашық айтты. Мәжілісменнің сөзінше, жылдар бойы әуежайда нәпәқасын тауып жүрген қазақстандық кәсіпкерлерді шетелдік инвестор қуып шыққан. Әділетсіздікке шыдай алмаған біздің бизнесмендер сотқа да шағымданған. Алайда ақшалы арабтар Қазақстанның заңын да, соттың шешімінде пысқырмайтын көрінеді.
«Шетелдік инвестордың басқаруына не үшін бердік? Жылдар бойы нәпақасын тауып жүрген отандық кәсіпкерлерді зар илетіп, қуып шығу үшін бе? Қазақстанның заңын пысқырмайтын, стратегиялық нысанды басқара отырып, “Маған не істей аласыңдар?” дегендей соттың шешімін де елемейтін Юсуф Альжафер деген кім сонша? Осылардың артында қаңтарда қашып кеткен “ЕСКІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ” өкілдері тұрған жоқ па? Неге айылын жимайды? ❗️Журналистердің сұрағына жауап беріп, Бас Прокурордың атына ресми хат жолдадым.❗️Бүгінде бизнестері әуежайдан толығымен ығыстырылып, 100 миллиондап шығынға батқан «Сервис-АСТ» сияқты компаниялардан арыз-шағым түсті менің атыма. Отандастарымыздың айтуынша, шетелден келген инвестор бірнеше жыл ақша құйып, талапқа сай жұмыс істеп келе жатқан бизнесті тоқтатып, келісімшартты ескертусіз бұза салып, орындарын тартып алған. ✔️Ең қызығы, өз құқығын қорғау үшін сотқа шағым түсірген кәсіпкерлер, Жоғары соттан да жеңіп шыққан. Заң -кәсіпкерлер жағында. Бірақ алпауыттарға дауа жоқ. Жоғарғы Соттың шешімін елемеу, коммерциялық субьектілердің мүддесін лоббилеу, заңды күшіне енген сот актісін орындамау – тек сот жүйесінің ғана емес, еліміздің де беделіне нұқсан келтіреді. Соттың шешімі қағаз жүзінде қалды. Талап: Бірінші, Бас прокуратура, Əділет жəне Көлік министрлігі бұл жағдайға араласып, сот шешімінің орындалмау себебін анықтауы тиіс. Екінші, бұл жағдайды шетелдік инвестор тарапынан отандық кəсіпкерлікке қысым ретінде қарастырып, шетелдік басқарудағы стратегиялық нысандарда сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі тексеру жүргізу қажет. Өйткені, заң талаптары орындалмаған жағдайда қоғамда іскерлік белсенділігі төмендеп, бизнестің құқықтық ортасы әлсірейді. Үшінші, басқа емес, Жоғарғы сот шешімі мен талабын орындауға құлық танытпаған шетелдік инвестор Юсуф Альжафер Қазақстанның сот билігіне неге құрметсіздік танытады? Кез келген инвестор жұмыс істеп жатқан елдің заңына бағынып, кәсіп иелерін сыйлау керек. Егер олай етпесе, арнайы шара қолдануды қарастырған жөн. @prokuratura.govkz»



