Шымкенттегі әйелді аман алып қалу үшін тағы да санавиация келуі мүмкін
Бұл туралы Облыстық аурухананың бөлім меңгерушісі Вячеслав Цай мәлімдеді. Оның сөзінше, қазір республикалық санавиациямен келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді.
Ал кеше кешкісін осы келіншекті құтқарып қалу үшін Алматыдан ұшқан санавиация апатқа ұшырап, 5 адам қаза тапты. Олардың арасында дәрігер акушер-гинеколог Патсаев Талғат Анапиұлы мен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының реаниматолог дәрігері Артықбаев Жәнібек Түкенұлы да бар еді. East Wing әуекомпаниясының АН-28 ұшағы 12 минут өткенде радардан жоғалып кеткен еді. Кейін Алматы түбінде өртеніп жатқан жерінен табылған.
Санавиация ұшып бармақшы болған науқас әйел қазір жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппаратымен жатыр. Ол 16 қыркүйекте босанып, 2 қазан күні ауыр халде Түркістаннан Шымкент ауруханасына жеткізілген. Оған гепатит, бауыр циррозы деген диагноз қойылған.