Басты жаңалықтарҚоғам

Мемлекеттік сатып алу: әкімдіктер Жаңа жылды тойлау үшін «құпия лоттар» жариялайды

Елорданың үш ауданы мерекелік безендіруге бір компаниямен келісімшарт жасасқан. Бұл туралы  azattyq-ruhy.kz хабарлады.

Жыл соңы таяғанда мемлекеттік сатып алу сайтының «температурасы» қыза бастайды: облыс болсын, қала болсын, аудан болсын, кез келген деңгейдегі әкімдік пен мемлекеттік-коммуналдық мекемелер ақшаны игеруге асығып, сан түрлі лот жариялайды. Биылғы жағдай қалай?

Биыл «Мемлекеттік сатып алу» дейтін «супермаркеттегі» жыл аяғындағы ең қымбат лоттар Жаңа жылмен, мерекемен, шыршамен байланысты. Бірақ әкімдіктер Жаңа жылды тойлау немесе шырша орнатып, қаланы мерекеге орай безендіру үшін миллиондаған қаржы бөлінгенін әр түрлі айла-тәсілдермен жасыруға тырысады.

Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын әкімдердің Жаңа жылға байланысты лоты «шырша сатып алу» немесе «Жаңа жылға байланысты қаланы безендіру» деп аталса, қазір жарнамалар «философиялық» мәнге ие.

Azattyq Ruhy мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпараттарды назарға ала отырып, әкімдердің Жаңа жылға қалай дайындалып жатқанын, олардың мерекелік лоттары қазір қалай аталатынын және ең ірі қаладағы үш аудан неге бір компанияға ғана «тәуелді» болып отырғанын жазады.

ҚАЛАЛАРДЫҢ «ЭСТЕТИКАЛЫҚ» КӨРКІ ҚАНША МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ТЕҢ?

Сонымен, әкімдіктер Жаңа жылға орай шырша орнатып, көшелерге жарқ-жұрқ еткен шамдар жағу деген қызмет түрін қазір «эстетикалық безендіру жөніндегі қызмет» деп атайды. Нұр-Сұлтан сияқты ірі қаланың аудандары да, шалғайда жатқан қалалар мен аудандардың әкімдіктері де тура осындай атаумен желтоқсан айында миллиондаған теңгенің конкурстарын ұйымдастырған. Бір емес, төрт ауданы бар Нұр-Сұлтан сияқты қаланы мәселен бір ғана компания безендіруге құқылы болып отыр. Бұл сәйкестік туралы сәл кейінірек жазамыз.

Қазір Орал қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының» 44 млн теңгеге тең конкурсы туралы жазайық.

Басқарма «көшелерді эстетикалық безендіру» үшін 44 млн 553 мың теңге төлеуге дайын. Конкурс 15 желтоқсан күні жарияланды. Конкурсқа өтініш 20 желтоқсан, таңғы сағат 09.00-де қабылданып, сол күні кешке 18.00-де конкурс жабылады.

Хабарландырудың техникалық сипаттамасына қарасақ, әрине, даңғылдар мен көшелерді жарықтандырудан басқа, орталық алаңдарға шырша орнатылсын деген міндет бар. Осылайша, Орал қаласының әкімдігі осы 44 млн теңгенің ішінде неше миллион теңгеге шырша алынаты туралы ақпаратты «тығып» отыр. Қаражатты екі жылға бөлген әкімдік енді әлеуетті қызмет жеткізушілердің өтініштерін күтіп отыр.

СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ПАНДЕМИЯҒА ҚАРАМАСТАН 1500 АДАМҒА ЖАҢА ЖЫЛ КЕШІН ҰЙЫМДАСТЫРМАҚ

Мұндай бірнеше лоттан кейін сауда-саттық «қыза» түседі. Санитар дәрігерлердің «Жаңа жылды тойламаңыздар» деген кеңесіне қарамастан, кештен құр қалғысы келмейтін әкімдер шыға бастайды. Мысалы, Семей қаласының әкімі – Ермак Сәлімов.

Бір қарағанда, лотты Семей қаласының білім басқармасы конференциялар мен семинарлар өткізу үшін ұйымдастырып жатқандай көрінеді. Бірақ тереңірек үңілсек, Сәлімовтің «тосын сыйына» тап боласыз.

Лоттың техникалық құжаттамасында «Семей қаласы әкімінің жаңажылдық шыршасын ұйымдастыру қызметтері» деп айдан анық жазылған. Тереңдеген сайын қызықты мәліметтер шыға береді. Лот жеңімпазы жаңа жылдық кешті 2020 жылдың 30 желтоқсанына дейін ұйымдастыру керек. Келетін қонақтар саны – 1500 адам. Ермак Сіләмовтің талабы көп болса керек, қазақ-орыс тілдерін қосқанда, техникалық талап 12 беттен тұрады. Ең бастысы, шарада ұзындығы 5 метр шырша және… Тимон мен Пумба келуі керек. Айтпақшы, Семей қаласының Білім басқармасы келісімшартқа қазан айында қол қойып қойған. Сатып алу сәтті өткен. Жеңімпаз – Білім басқармасының өзіне қарайтын Жастар сарайы.

Сәтбаев қаласының әкімдігі «жұмысымызды» жеңілдетіп, лотының қосымша сипаттамасын басты бетке ұсынған. Қаланың тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы көшелерді Жаңа жылға орай безендіру үшін 5 млн 800 мың теңгеден сәл көп ақша жұмсайды. Сатып алу 4 желтоқсан күні сәтті аяқталып, жеңімпаз жұмысына кіріскен.

РЕСПУБЛИКА ДАҢҒЫЛЫНЫҢ ӘСЕМДІГІ – 6,4 МЛН ТЕҢГЕ

Шығыс Қазақстан облысындағы кішігірім Риддер қаласының әкімдігі де Жаңа жылдың әдемілігінен құр қалғысы келмеген. Лотты 8 желтоқсан күні таңертең жариялап, сол күні кешке жапқан. «Республика даңғылына шырша орната отырып, көшені безендіру» деп аталатын конкурстың құны – 6,4 млн теңге. Жеңімпаз – Өскемен қаласындағы электр компанияларының бірі.

НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҮШ АУДАН ЖАҢА ЖЫЛДЫ ТОЙЛАУ ҮШІН БІР КОМПАНИЯМЕН ШАРТ ЖАСАСТЫ

Сатып алу сайтындағы «қызық» осымен аяқталды ма дегенде, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, дәлірек айтсақ, үш аудан әкімдігі таң қалдырды.

Мәселенің бэкграундына тоқталсақ, желтоқсан айының басында қаланың Алматы ауданы 80 млн теңгеге мұз қалашық салады деген ақпарат тараған болатын. Бірақ лоттың жеңімпазы туралы ақпарат жоқ болды. Кейін, тікелей эфирде брифинг өткізген қала басшысы Алтай Көлгінов басқа екі аудан, яғни, Байқоңыр және Сарыарқа аудандары бойынша ақпарат жазбаша түрде таратылады деп мәлім еткен еді.

Бірден айтайық, мемлекеттік сатып алу сайтынан анықтағанымыздай, Алматы ауданы әкімдігінің 80 млн теңге көлеміндегі лотын «NEW LEVEL» ЖШС жеңіп алған.

Мемлекеттік сатып алу сайтынан «эстетикалық безендіру жөніндегі» қызмет түрлерін қарай отырып, Нұр-Сұлтанның Байқоңыр және Сарыарқа аудандары жариялап, сәтті аяқтаған конкурстарға тап болдық.

Сонымен, ескі аудан – Сарыарқадан бастайық. Сарыарқа ауданың әкімдігі 4 желтоқсан күні «эстетикалық безендіру жөніндегі қызметтер» конкурсын жариялап, лот 8 желтоқсан күні жабылған. Құны – 79 млн теңге. Жеңімпаз – «NEW LEVEL» ЖШС.

Байқоңыр ауданы әкімдігі де ауданды эстетикалық безендіру үшін құны 72 млн теңге болатын конкурс жариялайды. Асыққаны соншалық, конкурс 9 желтоқсан күні таңертең басталып, кешкі алтыда аяқталған. 72 млн 429 мың теңге лоттың жеңімпазы – «NEW LEVEL» ЖШС.

Осылайша, қала бойынша мұз қалашық салып,  Жаңа жылға орай көшелерді әсемдеу үшін бір компания әкімдіктен 230 млн теңгеден астам қаражат алып отыр.

Конкурс құжат бойынша заңнаманы бұзып тұрған жоқ. Өйткені, үш конкурсқа 2-5 компания қатысып отырған. Құжаттамаға сенсек, сол компаниялардың арасынан дәл осы «NEW LEVEL» компаниясы ғана ең төменгі баға ұсынып отырған.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Басқа материалдар

Back to top button