Назарбаев: өмірден түңілсеңіз, зират басына барыңыз
Бұл туралы sputniknews.kz хабарлады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында өтіп жатқан Азаматтық форум кезінде көпшілікті қиындықтарды өткере білуге шақырды.
Мемлекет басшысы VIII Азаматтық форум қатысушыларына ешнәрсеге қарамастан өмірдің қиындықтарын өткере білу керектігін айтты.
«Үнемі өмірге лағнет айтып жүреміз: бірде мынау, енді бірде екіншісі жетпей жатады. Егер өмірден түңіліп кетсең, ауруханаларды, тіпті, болмай жатса, зират басына бар. Сол жерде жатқан жандардың жағдайы саған қарағанда әлдеқайда қиын. Қол-аяғымыз сау болса да, кішкене сүрінсек, өмірден түңіліп кетеміз. Өмірде барлығы да мүмкін — өзіңді қолға алып, жұмыс істеуге мәжбүрле. Бар мәселе осыда. Сондай-ақ, жастарды да осы нәрсеге үйретуіміз қажет», — деді Назарбаев.
Мұнымен қатар, мемлекет басшысы еріктілер қозғалысын дамыту керектігін атап өтті. Президенттің пікірінше, дәл қазір еріктілерді қоғамдық жобаларға тарту керек.
«Бірінші кезекте мемлекетті өркендету үшін ашық диалогтың маңызы зор. Азаматтар саналы қадамдарға барып, дамыған мемлекетте өмір сүруі тиіс. Біз мықты 30 елдің қатарына міндетті түрде кіреміз», — деп қосты Елбасы.
Бұдан өзге ол үкіметтен тыс секторға қариялардың денсаулығына ерекше мән берілуі керектігін айтты.
«Адамның қаншалықты тез қартаятынын сіздер, тіпті, білмейсіздер. Жетімдер үйі мен қарттар үйін біріктіру туралы ұсыныстар бар. Олар күнделікті балалар тәрбиесімен айналысатын болады. Бәлкім осы нұсқаны қарастырып көру керек шығар», — деді мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев 27-28 қараша күндері Астана қаласында өтіп жатқан Азаматтық форумның бас спикері болды.