Әрбір өңір Абай облысына бір-бір нысаннан салып бермек (Видео)

Абай облысының әкімі Берік Уәли «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумында іске азаматтарды, кәсіпкерлерді қайта құрылған Семей өңірін дамытуға атсалысуға шақырды.
Аймақ басшынысың айтуынша, қазірдің өзінде Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент, Астана қаласы білек сыбанып кірісіп кеткен. Қалған облыстарда қолдайтындықтарын білдіріпті.
«Мемлекет басшысының қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы басталды. Хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай еліміздің әр өңірі облысымызға бір нысаннан салмақ. Қазір Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент, Астана қалалары тиісті жұмыстарды бастап кетті. Қалған өңірлер де бұл бастаманы қолдайтындарын білдіріп жатыр.
Мен жақында ғана облыстың алдағы даму жоспарын жарияладым. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Соған сәйкес Семейде 75 мың тұрғынға арналған жаңа ықшамаудан салуды жоспарлап отырмыз. Мұнда тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысандар, саябақтар бой көтереді. Жоба аясында болашақта жастар сарайы, Жекпе жек сарайы, ғалымдар үйі, медиа орталық, көрме орталығы, Достық үйі, инвесторлар орталығы, музыкалық мектеп, филармония, этносаябақ, стадион, колледж, музей, балабақшалар, қонақүйлер мен сауда кешендерін салу жоспарланып отыр. Өңіріміздің өркендеуі жолында көп болып жұмылып, бірлік пен сенімді серік етсек, кез келген күрделі мәселенің түйінін тарқатуға болады.
Облысты дамытудың кешенді жоспарына шетел инвесторларын тарту бағыты да қарқын ала бастады. Сіздерді де аймақтың алға басуына бірге атсалысуға шақырамын» деді Берік Уәли.
А.Нәби
ФОТО: Ашық дереккөз



