Әскерилер арасында қалай құқық бұзушылықтың алдын алуға болады?
Қарулы күштер қатарында құқық бұзушылықтың алдын алу әдістемесіне сәйкес Шымкент гарнизонының әскери полиция бөлімінде дөңгелек үстел өтті. Іс-шара жауапты аймақта орналасқан әскери бөлімдер мен мекеме басшыларының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасарларының қатысуымен ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты сыбайлас жемқорлыққа, құмар ойындарға және нашақорлыққа байланысты әскери ортада туындайтын қылмыстық құқық бұзушылықтарға жол бермеу болды.
Жиналыс барысында қатысушыларға әскери қызметшілердің құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділігін күшейту мәселелері қаралды. Кеңеске қатысушылар әскери полиция аумағында орналасқан ТИЗО-мен танысты.
Дөңгелек үстел Шымкент гарнизоны әскери полиция бөлімі бастығының заң мәселесі жөніндегі орынбасары — Анықтау және Іздестіру бөлімшесінің бастығы әділет капитаны Дәурен Сейтжановтың төрағалығымен өтті.
— Біз ұдайы өткізіп жүрген профилактикалық шаралардың сапасын арттыру бойынша жұмыстарын күшейтуге, әскери бөлімдердегі тәрбие шараларын күшейтуге тиіспіз. Тек бірлесіп қана әскери бөлімдердегі құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша пәрменді тетіктерді әзірлей аламыз. Бұл салып келгенде негізгі міндеттің орындалуына — мемлекетіміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсер етеді, — деп атап өтті әділет капитаны Дәурен Сейтжанов.
Сондай-ақ қатысушыларды «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізгі ережелерімен егжей-тегжейлі таныстырып, алдында орын алған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың мысалдары мен олар үшін келтірілген жазалар туралы бейнефильмдер көрсетілді.
Дөңгелек үстел барысында барлық санаттағы әскери қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық стандарттарын және ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексімен регламенттелген моральдық-этикалық қағидаттарды мүлтіксіз сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Іс-шараның қорытындысы бағынысты әскери қызметшілермен тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы бірлескен шешім қабылдау болды, ол заңның бұзылуына жол бермеуге бағытталған және әскери полиция қызметкерлерімен бірлесіп жүзеге асырылатын болады.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі