БілімТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

Ордабасында «Мектепке жол» басталды

Ордабасы ауданы бойынша 5 түрлі санатқа жататын 3 450 мектеп жасындағы баланың ата-аналарының шотына 46 228 теңге көлемінде қаржы аударылды. Сонымен қатар, аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Темірлан елді мекенінің орталық алаңында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында ауқымды жәрмеңке өтті. Бұл туралы Түркістан Өңірлік Коммуникация Қызметі хабарлады.
Жәрмеңкеге Шымкент қаласының «Авто-Нұр» ЖШС сауда орталығы және аудан орталығында кәсібін дөңгелетіп отырған 70-тен астам кәсіпкер атсалысты. Олар жаңа оқу жылына қажетті мектеп киімдерін, кеңсе тауарларын және өзге де қажетті құрал-жабдықтарды нарықтағы бағадан төмен, қолжетімді бағада ұсынды. Сондай-ақ, жаны жомарт азаматтарды қайырымдылық іс-шараға тарту арқылы аудан әкімдігі мен білім бөлімі жәрмеңке барысында 310 балаға қосымша қолдау көрсетіп, ақшалай қаражатпен қатар киім-кешек және мектепке қажетті кеңсе тауарларын табыс етті.
«Мектепке жол» республикалық акциясының негізгі мақсаты – жаңа оқу жылы қарсаңында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету.
А.Нәби

Басқа материалдар

Back to top button