Басты жаңалықтарБілім

Сенатор: әскери кафедраларға жаңа тәсіл керек

Сенатор Андрей Лукин Қазақстандағы әскери дайындық құрылымы мен әдістері қазіргі заманның қауіп-қатері мен еліміздің сұранысына сәйкес келмейтінін айтты деп хабарлайды KAZINFORM.

Депутаттың сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Қазақстанда 41 әскери кафедра жұмыс істеп тұр. Оларда жыл сайын 21 мыңнан астам студент 85 әскери-есептік мамандық бойынша білім алады.

Олардың тек аз ғана бөлігі киберқауіпсіздік, геоақпараттық жүйелер және автоматтандырылған басқару жүйелері сияқты аса маңызды және тапшы мамандықты меңгереді.

— Бүгінгі күні азаматтық жоғары оқу орындарының ректорлары әскери кафедраларда әскери дайындықтан өткен резервті дайындау үшін запастағы және отставкадағы офицерлерді жұмысқа қабылдайды. Мұндай тәсіл тиісті әскери мекемеден тыс шешім қабылдауға алып келуі мүмкін. Бұл тұрғыда оқытушыларға қойылатын кәсіби талаптарды бақылау шектелуі ықтимал. Сонымен қатар, онда нақты әскери білім беру талабына емес, әкімшілік немесе экономикалық мүддеге басымдық берілуі мүмкін, – деді сенатор Лукин Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында.

Сенатор қазақстандық студенттер шетелдік азаматтық жоғары оқу орындарында білім алып жүріп, «сол елдердің әскери кафедраларында дайындықтан өту мүмкіндігінен айырылғанын» атап өтті. Бұл олардың халықаралық әскери қауымдастыққа кірігуіне және тәжірибе алмасуына кедергі келтіреді.

А. Лукин осы мәселелерді шешу үшін қызмет етуші офицерлерді әскери кафедраларда міндетті түрде ротациялау талаптарын енгізуді және оқытушыларды жүйелі түрде аттестациядан өткізу жүйесін енгізуді ұсынды.

— Оқытушылардың құзыреті олардың мамандықтарына сәйкес болуы заңмен бекітілуі тиіс. Қазіргі заманғы қауіп-қатерге бейімделген нақты бағыттағы білім беру бағдарламаларын енгізу қажет. Сонымен қатар, шетелдік азаматтық жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттердің сол елдердегі әскери кафедраларда дайындықтан өтуіне мүмкіндік беретін тиісті келісім жасауды қарастыру керек, – деді депутат.

ФОТО: Ашық дереккөз

Басқа материалдар

Back to top button