Мәдениет қызметкерлері ақша жинаудан шаршап, министрге үндеу жолдады

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Есенсай ауылдық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі, әнші, сазгер Күләш Қуанышқалиева барлық аудан мен ауылдағы мәдениет саласы қызметкерлерінің атынан мәдениет және ақпарат министрі Аида Балабаеваға үндеу жолдады.
Әлеуметтік желідегі бейнежазбада әнші жыл сайын мәдениет үйінің қызметкерлерінің Үкіметке ақша өткізетінін айтады. Сомасы да жыл сайын көбейіп келеді екен. Мысалы, былтыр 368 мың теңге босла, биыл 542 мың теңге өткізуі тиіс. Ақылы қызметпен бұл қаржыны жинай алмағандар қалтасынан төлеп отыр екен. Бірақ ол ақшаның сомасын кім бекітетіні, қайда кетіп жатқаны, не үшін төлейтінін елдімекендердегі мәдениет үйінің қызметкерлері білмейтін көрінеді.
Үндеу жолдаған әнші, сазгер Күләш Қуанышқалиева министр Аида Балаеаваны ауылға шақырып, осы мәселені шешіп беруін сұрады.
«Тегінге келмейтін халықты қалай ақылы шараға келтіре аламыз? Тегін концерт қоямыз, келмейді. Тегін кино көрсетеміз, келмейді. Би кешін ұйымдастырамыз, оған да келмейді. Ақылы түрде 200-300 теңге қылсақ, келмейді. Сонда біз оны қалай төлейміз. Соны шешіп берсеңіз. Өйткені ауылдағы клубта екі, үш адам ғана жұмыс істейді. Былтыр 368 мың болса, биыл 542 мың теңгеге өскен. Айлығымыз өссе, ақылы қызметтен түсіретін ақшамыз да өседі. Оны қалай төлейміз. біз қалмасыздан төлеп отырмыз» дейді автор.
А.Нәби
ФОТО: Ашық дереккөз