Қыз Жібектің рөлін сомдаған Меруерт Өтекешова пәтер жалдап жүр

Әйгілі «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлде ойнаған актриса Меруерт Өтекешова Астанада пәтер жалдап тұратын көрінеді. Бұл туралы кино және театр әртісінен сұхбат алған Майя Бекбаева youtube-тегі парақшасында мәлімдеді.
Кіші қызы және жиенімен тұрады. Астана мен Алматыдағы пәтерлерін қызы Томиристің емі мен қарыздарын жабу үшін сатып жіберген.
Отбасындағы қиындықтарға қарамастан Меруерт Өтекешова Елордада К.Байсейітова атындағы Өнер университетінде дәріс береді. Ұлы Фараби мен жары Құман Тастанбековтің қазасын көтеріп, уайымға салынбай, екі қызы Жібек пен Томирис, олардан туған жиендері үшін барын салып келеді.
Айта кетейік, жуырда белгілі продюсер, актриса Баян Мақсатқызы жерлесі әрі өнердегі әпкесі Меруерт Өтекешоваға өмірінің соңына дейін ай сайын 1 млн теңге сыйақы төлеп тұратынын жариялаған еді.
Екі актриса да Батыс Қазақстан облысы, Орал өңірінің қыздары.
Биыл Меруерт Өтекешова 75 жасқа толды. Ол 1951 жылы 25 ақпанда Орал қаласында туған.
А.Нәби
ФОТО: Ашық дереккөз



