АЙМАҚБасты жаңалықтарҚоғамӨҢІРЛЕРСырым ауданы

Медпунктті мекендеген отбасына көмек керек

Біраз жыл медициналық мекеменің ғимаратын мекендеген отбасына баспана сатып алып беру үшін аудандық газеттің редакциясы «Газеттен жасалған үй» акциясын ұйымдастыруда. Ауылда үйдің бағасы 300 мың теңге тұрады екен. Бұл туралы zhaikpress.kz хабарлады.

dav

Гүлмира Шакирова Сырым ауданы Көгеріс ауылына тұрақты жұмыс үшін көшіп келді. Жұмыс мәселесі шешілуін шешілді-ау, дегенмен… Үш баланың анасы бүгінде ауылдағы медпункттің бір бөлмесін мекендеуге мәжбүр.

Гүлмира – Тасқала ауданының тумасы. Жасынан өнерге жақын болды. Кейін Оралдағы музыкалық колледждің студенті атанды. Тағдыр деген қызық қой, оқуды әне-міне аяқтаймын, диплом аламын деп жүрген қызды Тимур деген жігіт алып қашып кетіп, Гүлмира 1999 жылы Жосалыға келін болып түсті. Тимурдың әкесі мен анасының қолында тұрған екі жас кейін өз беттерінше тірлік қылмаққа бекінді. Аяққа тұрып кету оңай болып па? Гүлмира жарына ілесіп Жосалының айналасындағы қыстақтарда тұрып, мал бақты. Екеуінің Былқылдақтағы «Талап» шаруа қожалығының мың қойын да баққан кездері болған. Сөйтіп жүргенде, дүниеге үш бала келді.

Жалдамалы жұмыс, азын-аулақ айлық, уақытша қыстақтар, үш сәби. Өмір сүру Тимурға да, Гүлмираға да жеңіл болмады. Түк табыс болмай, үш бала үшін үкіметтен алатын 6 мың теңгеге қарап отырған күндері де болды. Біреудің малының бабын табудан шаршады ма екен, Тимур бір уақытта қызмет іздеп Орал қаласына кетті. Ол жақта да алдынан шыққаны – жалдамалы жұмыс болды. Үш балаға ие болып, Гүлмира қыстақта қала берді.

2016 жыл. Көгеріс негізгі мектебіне бастауыш мектеп болып қалу қаупі төнді. Себеп – оқушы санының аздығы. «Қайтсек те, негізгі мектепті ұстап қаламыз!» деген тұрғындар ауыл мектебіне оқушы іздеп сабылды. Біреу жиенін, біреу құдашасын Көгеріске алдырып, тіркетіп жатты. Қаладағы қызметін тастап, ауылға келіп, балаларын ауыл мектебіне берген жас жанұялар да болды. Жосалы ауылы жағында шаруаларымен жүрген көгерістік Бөкенбай Рахманқұлов пен Боранбай Сарбөпеевтің Тимурдың жанұясына тап болып қалатыны осы кез еді. Жанұядағы үш баланың біреуінің жасы әлі жетпегенмен, екеуі мектеп жасында екен. Ойланып тұрған жоқ, Боранбай Тимурға әйелі мен бала-шағасын алып, Көгеріске көшу туралы ұсыныс айтты. Ауылға көшіп барса, Гүлмираға тұрақты жұмыс тауып беруді өз мойынына алды.

Боранбай жігіт екен! Үш баласы бар жанұяны Көгеріске, өзінің шаңырағына көшіріп алды. Көгерістің жаңа тұрғындарының ресми мекенжайы болып Боранбай Сарбөпеевтің үйі белгіленді. Аңсар ауыл мектебінің үшінші, ал Арман бірінші сыныбына қабылданды. Уәде болған тұрақты жұмыс та табылды. Боранбай мектепте техникалық қызметкер болып жүрген өзінің әйелін жұмыстан шығарып, сол жұмыс орынын Гүлмираға ұсынды. Осындай жанашырлықтың арқасында, ауыл мектебі 2016-2017 оқу жылын 6 жаңа оқушымен бастаған еді.

Бір жанұяға бір баспананың керек екендігі белгілі нәрсе. Гүлмира да соны ойлады. Мәселесін айтып жергілікті басшыларға жолықты. Әкімдер үш балаға шатыр тауып берудің барлық мүмкін жолын қарастырды. Ауылда бос тұрған үй жоқ, мемлекеттік бағдарламамен үй салудың реті жуық арада тағы жоқ. Не істеу керек? Басшылар Көгеріс ауылындағы медициналық пункттің бір бөлігін үйдің есебіне лайықтады. Есік-терезелерін бүтіндеді, жарықтандырды, бөлмені орталық жылу жүйесіне қосты.

Үш перзент пен оның анасының «медпунктті» мекендеп жатқандарына үш жыл болып қалды. Жуырда хәлін сұрай барғанбыз. Гүлмира есіктен күліп қарсы алып, төріне шығарды. Кіреберіс ұзындау болғанмен, ені тар екен, екі аттап, тұрғынжайдың ішінен бір шықтық. Ескі теледидар, қолдан жасалған жер үстел, темір кереует – үйдегі бар жиһаз осы екен. Төсек жиналып, жібекпен жабылған кереуеттің үстінен «Осы үйдегі дүниенің тәуірі – біздер!» дегендей үш-төрт жастық қылтиып тұр. Екі жердегі жылу батареясы бөлмені қысты жылыта алады ма, оны білмедік. Біз барған көктемнің күнінде үйдің іші суықтау болды. Бірақ жоқшылықтың неше түрін көрген Гүлмира осы тұрмысына риза.

-Боранбай секілді елдің азаматтарына, әкім мырзаларға рахметтен басқа айтатыным жоқ. Олар біз үшін қам жеп жүр. Қазір мектепте тұрақты қызметтемін, 40 мың теңге жалақы аламын. Жұмыстан қол босаса, қосымша ақша болсын деп, қой қырқамын.

Үш балам Көгеріс мектебінде білім алып жатыр. Қыстақта мал бағып отыра берсем, олар бұлай білім ала алатын ба еді? Мектеп әкімшілігі балаларды тегін ыстық тамақпан қамтыды, маусым сайын қайырымдылық айларында материалдық көмек береді. Қыста киетін қалың күрте, аяқ қиім бәрін мектеп береді.

Бір бөлме болса да, басымызда баспанамыз бар. Тегін тұрып жатырмыз. Тұрғын үй мәселесімен қоса, басшылар біздерге жарық пен жылуды да тегін қылып шешіп берді,-дейді өзі.

Иә, бұл өмірге де қанағат қылуға болады. Дегенмен, осының өзі ұзаққа созылмауы мүмкін. Неге?

Біріншіден, жанұя тұрғын үйдің емес, әкімшілік ғимараттың бөлмесінде тұрып жатыр. Сайып келгенде, бұл – заңсыз.

Сырым аудандық орталық ауруханасының директоры Роза Тахамбетованың айтуынша, Көгеріс медициналық пункті күрделі жөндеуге сұранып тұр. Жөндеудің жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға тапсырма беріліп те қойған. Құжат дайын болып, ғимарат жөндеуге кеткен жағдайда, жанұя баспанасыз қалады. Себебі, олар тұрған бөлме жөндеуден кейін бос тұрмайды, пункттің игілігіне пайдаланылады. Мұны екі деп қойыңыз.

Үшінші мәселе де бар. Көгеріс негізгі мектебі осыған дейін оқушы санының жетіспеушілігін аз тартқан жоқ. Ауыл болып амалдап, жұрт болып жұмылғанның арқасында мәселе бір ыңғайға келді. Мектеп ауылды ұстап тұрған алтын қазықтың бірі. Мектептің директоры, Жақсыгелді Қайыровтың айтуынша, негізгі мектепте талап бойынша 41 оқушы болуы керек. Ал Көгеріс негізгі мектебінде қазір 39 бала білім алуда. Оның 3-еуі «медпункттің» жартысында тұратын жанұяның балалары. Әгәрәки, ағайынды Талаповтар басқа жаққа көшетін болса, мектептің оқушы саны тағы да «ойсырап» қалады.

Үйдің үлкені Аңсар Талап биыл Көгеріс негізгі мектебінің 5-сыныбын аяқтады. Аңсар оқуда осал емес, бірақ, жаны өнерге құмар. Мектептегі бард үйірмесіне қатысатын ол гитараны да, домбыраны да жақсы ойнап қояды, болашақта әнші болуға ниетті. Ал Аңсардың інілері Арман мен Ерасыл – өскесін полиция қызметкері болуды армандайды. Дегенмен, туа бітті глаукома дерті бойынша диспансерлік есепте тұрған Арманның арманы орындала қояр ма екен? Ол аздай, оқушыларды мақсатты медициналық тексеру кезінде Арманның ағасы Аңсар мен інісі Ерасылдың көздері алыстан көрмейтіні анықталған. Ауданның дәрігер-офтольмологы Ақкүміс Кәкімжанованың айтуынша, оларға емделу мен көзілдірік кию ұсынылып, облыстағы көпбейінді балалар ауруханасына аппараттық ем алу тағайындалыпты.

Біз барғанда, үшеуі асық ойнап жатты. Астында велосипеді, қолында смартфоны болмаса, бала асық ойнамай не ойнайды?

Біз көзімізге көрінген мәселерді айттық. Оларды шешу үшін – бұл жанұяға дербес баспана керек. Сол кезде ана да үш баласының тағдырына алаңсыз қарай алады. Қалай болғанда да, Гүлмира ханым мен оның үш баласын Көгерістің амалсыз тұрғынына емес, алаңсыз тұрғынына айналдыру керек.

Жұмысым болғасын, ауылдан кеткім келмейді!- деп отыр Гүлмира ханымның өзі.

Мақаланы оқып отырған оқырман «Гүлмираның есімі неге көп аталып кетті?», «Балалардың әкесі Тимур қайда?» деген сұраққа жауап іздеуі мүмкін. Ол кісі әлі Оралда жалдамалы жұмыста жүрген көрінеді. Ауылға сирек келеді екен. Әрі қарай қазбаламадық. Біз бұл мақала арқылы елдің назарын отбасылық мәселеге емес, өсіп келе жатқан үш жігіттің тағдырына, солардың болашағы деген ұлы мәселеге аударғымыз келді.

Айтпақшы, Көгеріс ауылында үй сатылады. Иелерімен хабарластық. Бағасы – 300 мың! Газ кіргізілмеген болса да, үйдің аты үй. Ал, «Медпункттің» аты «медпункт».

Ойлана келе, оқырман болып, ел болып сол 300 мың теңгенің үйін өзіміз сатып алып, жаңағы жанұяға сыйласақ деп шештік. Көгілдір отынның бір реті бола жатар. Көп болса апта сайынғы қонақтықтардың біріне бармай қалармыз, көп болса ұнап жүрген киімді кейінірек сатып алармыз. Бірақ, жұмылсақ бір жанұяның баспана мәселесін шешу – біздің қолымыздан келетін секілді. Жақсылықтың ерте-кеші, қайырымдылықтың үлкен-кішісі болмайды. Қасиетті Рамазан айы да бізді жақсылықты мейлінше көп жасауға шақырып тұр.

«Сырым елі» қоғамдық-саяси газеті «Газеттен жасалған үй!» атты жоба жариялайды. Біреуге жақсылық жасаймын, жәрдем беремін дегендер болса, біздің жоба – олар үшін мықты мүмкіндік. Газет осы жоба аясында оқырмандарды Көгеріс ауылындағы медициналық пунктті мекендеген үш баланың анасына үй алып беруге қаржылай жәрдем беруге шақырады.

  Меже – 300 мың!

Қолдаймын дегендер үшін:

KASPI GOLD (Master Card)

Agedil NURMASHEV

5169 4971 4023 2624

Қаражатты қолма-қол беремін деушілер болса:

Х. Есенжанов көшесі, № 17, «Сырым елі» газетінің редакциясы.

Телефон: 8 705 512 16 44;

Басқа материалдар

Back to top button