Елімізде қалың мал мен мәһір біріктірілді
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ғұламалар кеңесі осындай пәтуа шығарды. Бұдан былай күйеуі жақтан берілетін қалың мал, қыз жасау мәһірге жатады. Тек қалыңдық разылығын берсе болғаны. Ал, «Әке еңбегі», «ана сүті» секілді қыздың әке-шешесіне, туған-туыстарына берілетін дүние-мүлік, тарту-таралғылар бұл тізімге кірмейді
Қазақ дәстүріндегі қалыңмалды ислам шариғатындағы мәһір деп есептеуге қатысты ғалымдардың бірнеше көзқарасы бар:
- Кейбір Хорезмдық және одан да басқа ғалымдар қыздың артынан келетін қалыңмалды тездетіп берілетін мәһір деп санаған[3].
- Имам әл-Касани: «Неке қию барысында қыз разылығын ашық айтуға ұялғанындай, мәһірін сұрауға да қысылады. Қыздың үндемеуі оның разылығын білдіргеніндей, мәһірін әкесі алып жатқанда да үндемеуі разы екендігін білдіреді. Әдетте әкесі мәһірді алғаннан кейін үстіне қаражат қосып, қыздың артынан жиһазын алып барады»[4], – деген.
- Кейбір ғалымдар қалыңмалды ұзатылып жатқан қызға белгілі бір нәрсенің (жиһаз т.б.) есесіне берілетін сыйлық деген.
Ибн Абидин: «Неке қиярда «дустиманды» мәһір деп айтса, онда ол тездетіліп берілген мәһір есебінде болады әрі күйеуі жасауын алып келуді талап ете алмайды. Ал неке қиярда мәһір деп айтылмаса, ол қарымта қайтару шартымен берілген сыйлық болып саналады. Мұндай жағдайда әдет-ғұрыпқа сай қыз тарапынан жасау талап ете алады»[5], – деген.
Қазақ дәстүрінде қалыңмал – қалыңдық үшін берілетін мал-дүние. Егер екі жас ажырасқан жағдайда қалыңдық малы қыздың иелігінде қалатын болған. Осы тұрғыдан қалыңмалды мәһір деп санауға болады, деп жазылған muftyat.kz сайтында.
А.Нәби
ФОТО: Ашық дереккөз