Басты жаңалықтарБілім

Білім министрі тағы бір жаңалық ашты

Енді мектеп бітіретіндер жазды күтіп жүрмей, қыстың қақ ортасында ұлттық бірыңғай тест тапсырып, оқуға түсулеріне болады. Тестілеу қаңтар айынан басталмақ. Бұл жайлы Үкімет отырысында Білім және Ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді.  50 балл жинасаңыз болды, ақылы оқуға түсіп, студент атануға құқыңыз бар. Ал грантқа қол жеткізгіңіз келсе, жазға дейін дайындаласыз.

«Біріншіден, келесі жылдан бастап ҰБТ қаңтар айында басталып, бірнеше рет өткізіледі. Екіншіден, мектеп түлектеріне шартты түрде қаңтардан бастап ақылы негізде оқуға түсуге мүмкіндік беріледі. Үшіншіден, жоғары оқу орындарында шетел азаматтарын оқу жылы кезінде оқуға қабылдау мүмкіндігі қарастырылған. Төртіншіден, шетел азаматтары үшін стипендиялы бағдарламалар енгізу, оның ішінде қазақ диаспорасына қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беру. Бесіншіден, магистратураға қабылдаудың жаңа моделін енгізу. Оның негізі бакалавриатқа қабылдау моделіне ұқсас. Енді магистратурада гранттар студенттерге беріледі және олардың жоғары оқу орнын таңдау мүмкіндігі болады», — деді Ерлан  Сағадиев.
Жиында студенттерді жатақханамен қамту жайы да сөз болды. Алайда, Елбасының «5 әлеуметтік бастамасында» көрініс тапқан тапсырмасы жақын арада орындалмайтын сыңайлы.  Президент 2022 жылға дейін студенттерді толық жатақханамен қамтыңдар деп тапсырма берген еді. Алайда Үкімет оған асығар емес. 75 мың орындық жатақхананы салуды 10 жылға жоспарлап отыр. 153 млрд теңге қаржыны жұмсалатынын да есептеп қойыпты.

 

Басқа материалдар

Back to top button