Америкалықтар асырап алған қазақ баласы елге келді
15 жыл бұрын америкалықтар асырап алған қазақ баласы елге келіп, өзінің әсерімен бөлісті.
Бес жастан асқанда Дәурен мұхит асты. Елде де асыр салып жүрген жоқ еді ол. Дүние есігін ашқаннан Қарағандыдағы «Ботагөз» бөбектер үйінде тәрбиеленген бүлдіршін мейірім мен махаббатты шетелдіктерден көрді. Бірақ 15 жыл бұрын кетсе де жетімдер үйінің иісін ұмытпапты. Бәрін еске түсірді, көз алдынан зырғып өтті.
«Өткен шағымдағы көп нәрсені ұмыта бастадым. Бірақ жетімдер үйінің иісі мұрнымда қалыпты. Қандай құдірет десеңізші! Кеше өзім тәрбиеленген мекенге кіріп келгенде балалық шағымдағы кейбір сәттер көз алдымнан жүгіріп өтті. Алеша деген досым мен Людмила деген апайды есіме түсірдім. Ал Америкаға барған сәттерді ұмытып қалдым. Тек ұзақ уақыт ұшақпен ұшқанымызды, қатты шаршағанымды білемін», дейді Дәурен.
Туған жердегі балалық шақтан қалған бар естелігі осы. Егер америкалық отбасы асырап алмағанда Дәуреннің қазіргі өмірі қалай болар еді.
«Біз көп балалы болуды армандайтынбыз. Бірақ мен екі баладан соң құрсақ көтере алмадым. Америкалық балалар үйінен бір қыз баланы асырап алдық. Сөйтіп жүргенде, арнайы бағдарлама бойынша Қазақстаннан денсаулығында кемшілігі бар балалардың Америкаға келгенін естідім. Балаларды көрген кезде назарымыз Дәуренге ауды. Сүйкімді бала екен. Ақыл-есі дұрыс, тек дене бітімінде кемшілігі болды. 4-сыныпқа дейін емдеттік. Қазір денсаулығы қалыпты, керемет жігіт болып өсті» дейді анасы Холли Паркер.
Дәурен еврейлер отбасында тәрбиеленуде. Бауырына басқан әкесі Стейвен мен анасы Холли алғашқы күннен ештеңені жасырмаған. Асырап алғандықтарын, ұлты қазақ екенін, барлығын ашық айтып бірге талқылайды екен. Тіпті, Дәуреннің шыққан тегін білу үшін генетикалық зерттеу жасатып, туған анасы туралы деректерді іздеуіне көмектескен.
Дәурен Паркер, АҚШ азаматы: «Мен өзіме ДНК жасаттым. Менің қанымда қазақтың, түріктің де қаны бар екен. Мен туған анамның фамилиясын анықтадым, бірақ ол кісіні танымаймын. Қазіргі отбасым маған қымбат. Өте бақыттымын деп ойлаймын. Қазір медицина мамандығы бойынша білім алудамын».
Паркерлер отбасы бауырларына басқан баланың барлық құжаттарын өздерінің атына рәсімдегенімен, тек есі кіріп қалған Дәуреннің атын ауыстырмапты. Тіпті, қазір жарамсыз болса да, Дәуреннің сол кездегі төлқұжатына дейін сақтап қойған.
Холли Паркер, Дәуреннің анасы: «Дәуренді алғаш рет алып келгенде көп үндемейтін болды. Әрине, ол түсінікті. Алыс жолдан келген, жаңа ортаға түскен бүлдіршінге бірден ашылу қиын болды. Дәуреннен үш ай үлкен Элли есімді қызымыз бар. Екеуін бір бөлмеге салдық. Дәурен тіл білмесе де соның істегенін істеп, айтқанын қайталап жүретін. Біз оның ағылшын тілін үйренуіне бар күшімізді салдық»
Дәурен 18 жастан асқанша Паркерлер отбасы жылына екі рет асырап алған баланың жағдайы туралы құзырлы органға есеп беріп келген. Кәмелет жасқа толған соң бұл талаптың күші жойылады. Дәуренге туған елін көрсетуді бірнеше жылдан бері жоспарлаған.
Сұңғақ бойлы, көркем жігіт бәрін ағылшынша айтады. Жетімін жылатпаған қазақтың бір баласы басқаның бауырынан мейірім тауып, жатжерлік болып өсті. Тек тастандыларды тәрбиелеген туған мекеннің иісі ғана мұрнынан кетпейді.