Нарындағы кеуіп қалған көлге көрші ауданнан су тартылмақ

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласынан 500 шақырымнан аса қашықтықта жатқан Бөкей Ордасы ауданында бүгінгі басты проблеманың бірі интернет. Әсіресе, карантин кезінде көптеген қиындықтар тудырып, жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде жанайқайын білдірді. Осыған орай, аталған өңірді 6 жылдай басқарған аудан әкімі Нұрлан Рақымжановпен сұхбаттасудың сәті түсті.

 

-Нұрлан Сағынтайұлы, карантин кезінде өзекті болған интернет мәселесі қалай шешілмек?  Қандай шаралар қолға алынуда?

 -Интернет жағдайы бүгінгі таңда бөкейліктердің ойында жүрген ең өзекті мәселелердің бірі екендігі жасырын емес. Ғаламтор желісі өте нашар, елдімекендеріміз жылдамдығы жоғары интернет желісіне толық қосылған жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржымен шешілмейді. «Қазақтелеком», «Билайн», «Теле-2» акционерлік қоғамдарының басшыларына аталмыш мәселені шешу  бағытында тұрақты түрде хаттар жолдап, олармен жеке сөйлесіп, байланыс орнату жөнінде мәселе қойып жүрмін. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар оң шешімін табады деп күтілуде. Себебі, ҚР Цифрлық даму, инновациялық және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиевтің 2020 жылға бекітілген жоспарында біздің ауданымыздың Ұялы, Бөрлі, Бисен, Мұратсай, Жиекқұм, Жетібай, Көктерек, Жәрмеңке, Шоңай ауылдарына кеңжолақты интернет жеткізу көзделген. Қалған ауылдарымыз алдағы жылдың жоспарына енгізіледі.

Қазіргі жағдайға байланысты оқушылар мен студенттер қашықтан оқып жатыр. Бірақ аудан аумағында интернет нашар болса оқу процесі қалай жүруде? Ел аузындағы әңгіме бойынша мұғалімдер үй аралап бала оқытады деген  ақпар бар. Егер педагогтар әр оқушының үйіне баратын болса, карантин талабын бұзған болып есептелмей ме?

— Казіргі карантин кезінде ауданымыздың мектеп оқушылары қашықтан оқуда. “QAZAQSTAN”, “AQJAIYQ”, “Балапан” телевизиялық каналдарынан сабақтарды қарап оқып тұрады, артынан пән мұғалімдер ұялы телефон арқылы тапсырмалар беріп, түсінбеген материалдарды түсіндіріп тұрады. Ұялы байланысы нашар алыс елді-мекендерге, қыстақтарға  аптасына бір рет, тиісті сақтық шараларды орындап және сақтап, алдын ала дайындалған тапсырмалар қағаз тасымалдағыш арқылы  жеткізіледі. Бұл тәсіл ҚР Білім және ғылым министрінің 01.04.20. шыққан №123 бұйрығында белгіленген.  Жоғары оқу орындарда оқитын студенттерге ауылдардағы округ әкімшілігіндегі, ветстанцияларда орналасқан интернетпен жұмыс жасауға мүмкіндік беріліп отыр.

Бөкей ордасы ауданына қарасты Бисен ауылына «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша тартылған ауыз су ішуге жарамсыз екен. Тұрғындар қанша рет шағымданса да жергілікті билік өкілдері «барлығы нормаға сай» деп жауап беріп келеді. Амалы таусылған ауыл халқы қауіпті құдықтардан тасып ішеді. Бұл мәселе қашан шешіледі? Осы жобаға қанша қаржы жұмсалды? 

 -2014-ші жылы Бисен ауылындағы су құбырының жұмыстары 138 481,0 млн теңгеге жүргізілді. Мердігер «Жиенбай» ЖШС. ҚР Денсаулық министрлігінің «Ұлттық сараптама орталығы»  БҚО бойынша Бөкей ордасы аудандық бөлімшесінің қорытындысы бойынша су құрамының сапасына оң қорытынды беріп отыр. Алайда, ауыл тұрғындарынан көп шағымдар түсуіне  байланысты, аудандық бюджеттен қаржы қарастырып, Жиекқұм ауылынан су құбырын тартуға жұмыстарды бастамақшымыз (техникалық қорытынды, ЖСҚ дайындау т.б.). Бисенге жақын жердегі Үштеректен ауылынан тартуды  жоспарлағанбыз, бірақ оның дебеті (судың молшылығы) күмəн келтіріп тұр.

Аудан тұрғындарын алаңдатып отырған тағы бір мәселе қарағайлы орман. Қурап, сиреп бара жатыр. Қопа көліне көрші Жәнібек ауданы арқылы  немесе басқа арналар арқылы су жіберу мәселесін қолға алуға бола ма? Жоспарда бар ма?

-Бұрындары Мұратсай су қоймасынан сай-саламен Қарағаш, Гүрілдеуік арқылы Қопаға су түсетін. Ал, Мұратсай су қоймасының бүгінгі жағдайында су деңгейі түсіп кеткен, Қопаға су жетпейді. Сондықтан, Қопаға су түсірудің бір жолы ретінде Тайғара елді-мекені жағынан Жәнібек суару-суландыру жүйесі арқылы келетін арнаны сай-салаларға жалғау арқылы жеткізуді қарастырудамыз. Техникалық-экономикалық негіздеме, қосымша зерттеулерді талап етеді. Сондықтан, тиісті мамандармен бірігіп, нақты жұмыстар атқарып жатырмыз. Қазіргі уақытта Еділ өзенінен біздің ауданға келетін арна тек Мұратсай су қоймасына дейін ғана. Ол арналар да, яғни  «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының теңгеріміндегі Р-3 арнасы — тазартуды, қалпына келтіруді талап етеді. Себебі, қазіргі қалпындағы су арналары әбден тозған, су шығыны көп. Осы жұмыстарды атқару үшін, аталған мекемемен келісіп, биылғы жылдың жұмыс жоспарына енуіне қол жеткіздік. Аталмыш жұмыстар жақын арада басталады. Әрине, жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізу  қомақты қаржыны және қажетті уақытты талап етеді.

Орда маңындағы қарағайлардың қурауына қатысты мәселеге келер болсам, орман шаруашылығы мамандардың айтуынша, теректердің өмір сүру кезеңінің аяқталуы казіргі уақытқа келіп тұр. Дегенмен, жергілікті тұрғындар, бұл жағдай су деңгейінің түсуіне байланысты деген пікірлерін білдіруде. Бұл жерде, жоғарыда аталған жұмыстар жүзеге асқан жағдайда, Қопа көліне су түсіру арқылы Аймекен су қорын толықтырып отыруға мүмкіндік туады деп есептеймін. Дегенмен, мамандардың зерттеуі бойынша, Аймекен су кен орнында тәулігіне 6048 м3 су беретін мол су қоры бар.

Елбасы тапсырмасы бойынша басталған облыс орталығына қатынайтын күре жолдың құрылысы жоспарға сай жүргізілуде ме? 2021 жылы мерзімінде аяқтала ма?

-Елбасының бастамасымен ауданымызды облыс орталығымен байланыстыратын республикалық маңызы бар 103 км жолдың жұмысы былтырғы жылы бастау алды. Мердігерлері болып 0-50 км аралығында «Атырау жолдары» ЖШС-гі, 50-103 км аралығында «Ақжол Құрылыс» ЖШС-гі белгіленді, тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» ҰК. Бүгінгі таңда екі мердігерде да аудан аумағында жұмыстарын бастады. Қажетті материалдарын тасу, жолды бұзып қайта тегістеу, айналма жол салу сынды жұмыстарын жүргізуде. Жалпы,  құрылыс жұмыстары 2021 жылдың соңында толық аяқталуы тиіс.

Аудан орталығындағы  спорт мектебінің есебінен ауылдық округтерде жалақы алып отырған жаттықтырушылар бар. Бірақ шәкірттерінің жетістігі беймәлім. Спорт мектебінің өкілдері ауылдағы ЖББО мектептердің базасында дайындық жасауы талапқа сай ма? Жалға алу құнын төлей ме?

-Аудандық балалар спорт мектебінде, әзірше, волейбол, баскетбол сияқты спорт түрлерімен айналысатын  залы жоқ, сол себептен, орта мектеп спорт залдарында,  сабақтар біткеннен соң, дайындықтарын жасап тұрады. 2019 ж. ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы тәртібі ережелеріне сай, балалар мен жастарға арналған білім беру, мәдениет және спорт объектілеріндегі спорт залдарына  қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылған, яғни, ешқандай жалға алу құны төленбейді. Биыл  аудан орталығында спорт кешенінің құрылысы басталды, қыркүйек айында жұмыстары аяқталады. Осы нысанның құрылысы аяқталғаннан кейін БЖСМ тәрбиеленушілері дайындық жаттығуларын осы кешенде жүргізеді. БЖСМ-нің үздік шәкірттері аз емес.  Атап айтсақ: Байбеков Қайрат —  волейболдан спорт шебері, ҚР командасының белді мүшесі, 2014 ж. Азия кубогінің қола жүлдегері, 2014 ж. Азия кубогінің үздік ойыншысы, 2015 ж Әлемдік лига қатысушысы, 2015 ж. ҚР кубогінің күміс жүлдегері;  2017 ж Азия чемпионатының күміс жүлдегері; Самиғуллин Хасанқожа —  пауэрлифтингтен халықаралық спорт шебері, 3 дүркін Азия чемпионы, 2 дүркін әлем чемпионы. Байымбетов Артур – гір спортынан спорт шебері.  2009 ж. Эстонияда гір спортынан әлем чемпионатының қола жүлдегері.Мендешев Армат — самбодан спорт шебері, халықаралық, республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпазы «Дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық спорт мектебін» бітірді, аудандық БЖСМ тәрбиеленушісі. Спорт мектебінің жаттықтырушы Қожанғалиев Рахимның шәкірттері Хамит Әдемі, Қайнушева Махаббат, Сағидолла Ұлмекен атты қыздарымыз пауэрлифтингтен ҚР чемпиондары , спорт шебері, спорт шеберінің үміткері дәрежелерінің иелері. Жалпы, облыс деңгейіндегі жарыстардада чемпион, жүлдегер болып жүрген спортшыларымыз баршылық.

Өзіңіз басқарған жылдардың ішінде сіздің идеяыңызбен, бастамаңызбен жүзеге асырылған жоба бар ма ауданда? Мысалы, сізге дейінгі әкімдердің бірі күйшілерге арналған аллея ашты. Бірі тарихи музей кешенін дамытуға, кесене салуға көңіл бөлді. «Нұрлан Рахымжанов салған» деп бөкейордалықтар айта жүрер қандай ісіңіз бар?

-Бұндай жобалардың іске асқаныда, іске асып жатырғаныда, жоспарымдағы да баршылық, оларды аудан халқы көріп отыр. Мен келген кезде ешбір ауылда замануи спорт алаңдары болмағандықтан, бұл мәселе қолға алынып, барлық  округтерде  жасыл газон төселген  алаңдар  салынды. Оған қоса, барлық ауылдарда балалар алаңдарыда салынды. Осы істерге қол жеткізуіміз, жеке басым, жас ұрпақтың тәрбиесіне үлкен назар бөлгеніміз деп түсінгенім. Аудан орталығында, ауылдарда саябақтар жасалды, тұрғындар серуендеп, демалу үшін тиісті құрал-жабдықтар, отырғыштар, әдемі шамдар қойылды. Сайқын ауылында “Ардагерлер” сквері, “Мәншүк Маметова” сквері, Хан Ордасы ауылында ”Жастар” саябағы жасалды. ”Күйшілер” саябағына жазғы театр, субұрқақ, түнгі шамдар, брусчатка жасалып, отырғыштар қойылып, әдемі, бағалы теректер отырғызылып, түрлі композициялар орнатылып, бұл саябақ, тұрғындарымыз үшін, толыққанды демалыс орнына айналды. Жазғы уақытта, үнемі, ауылдардан келген көркемөнерпаздарының концерттері өткізіліп тұрады. Бұрын болмаған Ұялы, Бөрлі, Мұратсай ауылдарында Ұлы Жеңіске арналған ескерткіштер жасалып, орнатылды.  2013 жылы тек М.Маметова атындағы мектепте мұражай болса, менің тікелей тапсырмам бойынша, барлық мектептерде мұражайлар ашылды, экспонаттары үнемі толықтырылып тұрады. Бұрын Хан Ордасы ауылындағы мұражай кешенінде төрт музей жасап тұрса, 2014 жылдың желтоқсан айында, өзің білетіндей, баспахана мұражайын, бұрынғы үлгісімен салып, іске қостық. 2017 жылдан бастап, тиісті жөндеулерін аяқтаған соң, қажетті жəдігерлермен толықтырып, Хан ставкасының негізгі бөлігін халыққа аштық.2018 жылы Шаңгерей Бөкеевтің музейін аштық. Яғни, казіргі уақытта, алты музей жасап тұр. Күні бүгін визит-центрмен əкімшілік ғимаратының ЖСҚ-ларын жасақтап жатырмыз. Осы жұмыстар аяқталған соң, Торғын училище музейін жəне Дəрігерлік музейін ашуға мүмкіндік туады. Өзіме ең маңызды ісімнің бірі, ол, облыс орталығынан Қаһарман пулеметші, жерлесіміз М.Мәметованың есткерткішінің  аудан орталығында орнатылып, екінші өмірі апамыздың туған жерінде жалғасқаны. Себебі, бұл ескерткіш ауданымызға үлкен жұмыстардың арқасында келіп, орнатылды. 2014 жылы Хан Ордасы ауылында күйші Сейтектің бюсті орнатылды. 2016 жылы Сайқын ауылында қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш қойылды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған  «Қаһарман аудан» белгісі орнатылуда, 9-шы мамырға ашамыз. Осы датаға және жерлес майдангерлерімізге арналған екі кітабіміз  таяуда жарық көреді. Аудандық энциклопедиямыздың екінші томы жақын уақытта баспаханаға жолданады. Сайқын, Шоңай ауылында XX ғасырдың басында салынған темір жол бойындағы су мұнаралары  қайта қалпына  келтіріліп, музей болып ашылады, біреуін 9-шы мамырға үлгертіп ашамыз. Жалпы, ауданымызда, өзіңіз білетіндей, Рухани жыңғыру бағдарлама аясындада, меценанттардың көмегімен көптеген жобалар іске асып жатыр.  Қойылып отырған сауалға тікелей қатысты болмасада, аудан орталығында заманауй, зәулім, екі қабатты интернат ғимаратының бой көтеруін айтқым келеді. 1971-ші жылы салынған бұрынғы интернат ғимараты ескіріп, онда жатып оқуға өте қауіпті болғандықтан, жағдайды облыс басшыларына жеткізіп, көп жылдары шешімін таппай жүрген мәселенің шешімін таптық, халық қуанды.  Казіргі уақытта, интернат, Сайхындағы ең әдемі ғимараттың бірі болып тұр.

-Сұхбат бергеніңізге  рахмет! 

 

                                                                                                                                                                                               А.Орынғалиұлы

Суреттер Әлеуметтік желідегі «Bokey Ordaliktar» тобынан алынды

 

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*