Қыздарға атқа міну неге қауіпті?
Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы қыздарға үндеу жасады. Себебі, жуырда көмекшісі аттан құлап, ауруханаға түсіпті. Еркежан есімді көмекшісі достарымен Астананың сыртындағы спорттық кешендердің бірінде атпен шабамын деп, қатты жарақат алған екен. Бұған дейін талай барып жүрген, мініп жүрген жылқыны таңдаған. Бірақ қалай жығылғанын жазбапты.
Ал ат спорты орталығы заңды жұмыс істей ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Бірақ Ләйлә Сұлтанқызы сөз арасында «заңды жұмыс істейтін орталықтарға бару керек» дегенді айтып қалды. Ал тележүргізушінің өзі көмекшісінің жағдайын көріп, елорданың денсаулық сақтау басқармасының басшысына дейін хабарласыпты.
«Құрметті арулар, қазіргі уақытта атпен шабу трендке айналып кеткен. Ол өте жақсы, денсаулыққа да пайдалы. Бірақ ең бірінші кезекте қауіпсіздік болу керек. Атқа мінерде киетін баскиімі, беліне тағатын, байлайтын дүниелері болуы керек. Одан кейін тексерілген атқа отырыңыздар. Одан кейін заңды жұмыс істейтін орталыққа барған дұрыс», — деді Ләйлә ханым.
А.Орынғали
ФОТО: Ашық дереккөз