Батыс Қазақстан облысының әкімі екі орынбасарын тағайындады

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өзіне екі орынбасар тағайындады.

ҚР Президенті Әкімшілігі келісімімен және БҚО әкімінің өкімімен  бірінші орынбасары болып Мұхтар Наурызбайұлы Манкеев тағайындалды.

Мұхтар Манкеев – 1984 жылы БҚО Шыңғырлау ауданында дүниеге келген, білімі жоғары.  Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін «инженер», «экономика», Финляндияда Оулу университетін «бизнес әкімшілеу магистрі» мамандықтары бойынша бітірген.

Әр жылдары «Жасыл ел» Батыс Қазақстан облыстық филиалы жетекшісі, «Жасыл ел» республикалық штабының жетекшісі, «Самғау» ұлттық холдингі» АҚ менеджері, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Инжиниринг және жаңа технологиялар трансферті орталығының департамент директоры, «Астана Innovations» АҚ басқарушы директоры – басқарма мүшесі, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Күні бүгінге дейін «Фин Бизнес Хабы» компаниясының директоры, «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы болды. Ол кәсіпкерлік, өнеркәсіп және инвестициялар, ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер қатынастары, туризм мәселеріне жетекшілік ететін болады.

Сондай-ақ, ҚР Президенті Әкімшілігі келісімімен және БҚО әкімінің өкімімен облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалған Серік Рахметоллаұлы Егізбаев ішкі саясат, білім, жастар саясаты, мәдениет, дін істері, тілдерді дамыту салаларына жетекшілік ететін болады.

Серік Егізбаев 1963 жылы дүниеге келген.Білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «агроном», Қазақ мемлекеттік заң академиясын «заңгер» мамандықтары және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.

Экономика ғылымдарының кандидаты.

Серік Рахметоллаұлы әр жылдары БҚО әкімі аппараты бөлімінің бас инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, ҚР Қаржы министрлігі департаментінің бөлім бастығы, ҚР Премьер-Министрінің кеңсесі әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің бас инспекторы, ұйымдастыру-инспекторлық және аумақтық даму бөлімінің бас инспекторы болды. Сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, ҚР ауыл шаруашылығының вице-министрі қызметін атқарды.

Күні бүгінге дейін «Qazaqstan» РТРК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болды.

 

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*