Басты жаңалықтарҚоғам

Министр Қасымов неге өтірік айтты? (видео)

Браконьерлердің кесірінен қаза тапқан инспектор Ерлан Нұрғалиевтің туыстары мен жерлестері Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың «ауа райының қолайсыздығынан санавиацияны шығара алмадық» деген сөзіне қатты ызаланып отыр. Ауыл халқы, «оқиға болған күні ешқандай жауын-шашын жоқ, күн ашық болды» дейді. Ашынған баршындықтар «есімдері жарияланған үш күдіктінің артында басқа да адамдар бар, олардың да аты-жөнін жарияламаса атқа қонамыз, ауыл болып түгел көтерілеміз» деп бекініп отыр. Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.

Баршын ауылының халқын ашындырып отырған мәселенің бірі осы. Ішкі істер министрі өтірік айтты. Себебі, оқиғаға болған күні күнде ашық, ауа райы қолайсыз болмаған. Санавиацияны әдейі шығармады, деп отыр

БОЛАТ ХАМИТОВ, БАРШЫН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, ЕРЛАН НҰРҒАЛИЕВТІҢ ДОСЫ:»Қасымов айтады, вертолетті бізге ұшырмады дейді. Сондай адам халыққа өтірік айтып тұр. Анадай қызметте отырып неге өтірік сөйлейді. Ол күні ешқандайда ауа-райының қолайсыздығы болған жоқ. Туыстары бәрі жүгіргенде күш ашық болды. -3 градус болды. Қасымовтың үйінде боран болған шығар. Қорғалжын жақта болған жоқ. Сенбесе дәлелдесін. сол күні ауа райын қарасын».

13 қаңтарда киік атқан браконьерлерді қуамын деп, ажал құшқан табиғат жанашыры, инспектор Ерлан Нурғалиевтің қазасына байланысты Ішкі істер министрлігі 3 күдіктінің аты жөнін жариялады бүгін.

АЛМАС САДУБАЕВ — ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ КОММУНИКАЦИЯЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Үш күдікті ұсталды. Олар Қызылордада жеке үйлердің бірінде бой тасалаған. Қазіргі уақытта айғақтарды жинау үшін тергеу амалдары жүргізілуде. үш күдікті де оқшаулау орнына қамалды».

Алайда, марқұм инспектордың жерлестері ресми ақпаратқа сенбейді. Бұлардың артында басқа біреулер бар. Осы үшеуінен бұрын ұсталған 4 күдіктінің аты-жөнін жарияласын, неге жасырып отыр, дейді баршындықтар.

АБЗАЛ МАСАБАЕВ,БАРШЫН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, ЕРЛАН НҰРҒАЛИЕВТІҢ ДОСЫ:»Бұларды куәгер деп шығарып салмақшы. Олар айтады екен, біз тоқтаған жоқпыз. Қашып кеттік, аналар ұрып өлтірді деп. Оларды қалай жібереді. Ең басты куәгер Петр Ницык қорқып отыр үйінде. Қандай не болсын бір менттің құлағы шығады. Тақауда ұстады. Алғабас ауылының учаскелік инспекторы. Бралин Марғұлан. 12 туша үйінен шықты, қалғаны даладан шықты».

Сарыарқаның төсінде, Қорғалжын қорығының төңірегі, Теңіз көлімен Нұра өзененің бойын жайлаған ауыл халқы бұл маңға аң-құс ататын браконьерлердің жиі келетінін айтады. Шенді, лауазымды адамдарды талай көріпті. Қанша шағымданғанымен, дәлел жоқ деп іс жабылып қалады екен. Бұл жолы бей жай қалмаймыз, қажет болса атқа қонып, күдіктілерді өзіміз жазалаймыз, деп отыр.

БОЛАТ ХАМИТОВ – БАРШЫН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, ЕРЛАН НҰРҒАЛИЕВТІҢ ДОСЫ:»Өз қолымызбен ұстаймыз. Ең құрығында 4 адамның бізге аты-жөнін жариялап берсін. Оның ақ-қарасына жететін халық бар бізде. Баршын төңірегінде бір адам жай жатпайды».

Ал бүгін ресми тұрде Ішкі істер министрлігі жариялаған үш күдіктінің бірінің ата-анасы баласы үшін барша халықтан кешіріп сұрап, қатты күйініп отыр.

МЕЙРАМБЕК АХМЕТОВ – КҮДІКТІНІҢ ӘКЕСІ:»Мен Ахметов Беріктің әкесі боламын. Бұл істегеніне қатты өкініп тұрмын. Қайтыс болған жігіттің отбасынан, қазақстандықтардан кешірім сұраймын. Ойнақтап жүрген балам от басты. Айта алмаймын, кешіріп сұраймын. Толқып тұрмын».

Баршын ауылы тұрғындарының сөзінше, оқиға кезінде екі машина, жеті адам болған. Көліктің бірі Ерлан Нұрғалиевтің соққыға жығып жатқан кезде, ізін суытып үлгерген. Ішінде лауазымды біреу барма деп секем алады ауылдастары. Бірақ, істің ақ қарасына жетпей қоймаймыз дейді.

» Қай министр, қай лауазымды адам тықса да біз қоймаймыз оны. Айтқанымыз айтқан. Уже шыдап болдық көз жұмғандарына. Халық ашынды».

Артур Мағзомов, Тілектес Омаров, Жанғали Ысқақ БЖ

Басқа материалдар

Back to top button