Басты жаңалықтарҚоғам

Өгей шешенің қорлығы (видео)

Өгей қыздарын өлімші етіп сабап, кейде тоңазытқышқа қамап, аяусыз қинаған келіншектің әрекеті жұртты шошытты! Осы оқиғаға қатысты кешелі бері тараған жантүршігерлік видеолар мен суреттер әлеуметтік желілерге желдей тарап жатыр. Бір үйдің үш қызы бірнеше айлар бойы өгей анасынан аяусыздық көріп келгенін әкесі білмепті. Келесі сюжетті кәмелет жасына толмаған балалар мен тым сезімтал жандарға көрмеуге кеңес береміз! Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.

Әлеуметтік желілер арқылы тараған ақпарат пен мына суреттерді көргенде ашуға булықтық. Балаларға осылайша қатігездік жасауға қалай қол барды деп күйіндік. Енді оқиғаны барынша байыпты баяндауға тырысып көрейік. Түркістан облысы. Жетісай ауданы. Бір үйдің 12, 14 және 16 жастағы 3 қызын өгей шешесі аяусыз қорлаған.

— Мынаның бәрі плоскгубцы тиген. Мыналардың жартысы плоскогубцымен тиген. Арт жаққа, мына жерлерге пышақ тығып алған.

Темір қысқыш плоскогубцы тек қол-аяққа ғана тимеген екен. Айту қиын. Қыздардың жыныс мүшелерін де қысқан. Дені дұрыс тамақ та балалар үшін арман болған екен.

«Жуынды жеген кезде шыдай алмай құсып жібердім. Маған құспа деп айтқан еді де. Айтпай құсып жібердім.
— Ол құсқаның үшін тағы ұрды ма?
— Ол білген жоқ. Оған білдіртпей құстым. Егер біліп қойса, маған тағы жегізеді.

Балалардың сөздеріне сенсек, өгей шешелері кез келген ағаттық үшін қатаң жазалап отырған.

— Полкілердің бәрін алып тастады да сөйтіп ішінен отырғызып қойды холодильникке.
— Оған қалай сыйдың? Дәу холодильник па не?
— Кішкентай-ақ еді. Сол барынша, бүрісіп отырдым.
— Оның ішінде қанша уақыт отырдың?
— Бір жарты сағат көлемінде отырдым.
— Жаурамадың ба?
— Сәл жаурадым.

«Шашлыктың палочкасымен басыма, арқама, қолымды тесіп тастады. Аяғыма 50 реттен пласкобускамен ұрды, Аяғымды ыстық сумен күйдірді, қолымның барлығына ыстық су шашты».

ҚЫЗДАРДЫҢ ЖЕҢГЕСІ: «Өгей шешесі бұларды әбден қорқытады ғой. Мені лақтырмаңдар. Айтпаңдар. Бірақ, мен түрмеге қамалып кетсем де, мен шыққан соң, сендерге көрсетемін. Мен бәрібір сендерді өлтіремін».

Қорлық көрген балалардың әкесімен де тілдестік. Қыздардың туған анасымен ажырасып кетіпті. Үйдегі жағдайдан бейхабар болып шықты.

ҚЫЗДАРДЫҢ ӘКЕСІ: «Мен ол оқиғаны шынымен білгенім жоқ. Азанда кетемін, кешке келемін. Жұмысымды істеп жүргенмін. Маған да айтпаған. Мен қанша рет қыздарымды құшақтадым, доча айтыңдаршы деп. Қалай бәрі тыныш па, бәрі жақсы ма деймін. Папа қазір бізде бәрі жақсы дейді. Жеткілікті ме деймін, бәрі жеткілікті дейді».

Жаға ұстатар жайт қазір қоғамда қызу талқыға түскен. Қылмыстың түр-түрін сараптап, салқынқанды сұхбат беретін полиция департаментінің өкілі де көз жасын әрең ұстап отырғандай көрінді.

САЛТАНАТ ҚАРАКӨЗОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:«Жетісай ауданында орналасқан мектептің бірінің мұғалімдері мектепке келген әр түрлі дене жарақаттарымен келген бір жанұяның балаларын анықтайды. Осы мәліметті ювеналдық полиция бөліміне жеткізеді. Мәліметті 12-ші сәуірде Жетісай аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК 140 бабы бойынша тіркейді».

Бүгін балаларға айуандық жасаған өгей шеше уақытша ұстау изоляторына қамалды. Істі Ішкі істер министрі өз бақылауына алған. Балалардың жағдайы орташа, дейді дәрігерлер. Олармен психолог мамандар әлі біраз жұмыс істейтін секілді.

Басқа материалдар

Back to top button