Басты жаңалықтарРЕГИОНСаясат

Әкімдері форумынан келген шалқарлық шенеунік әсерін айтып тауыса алмай жатыр екен

Шалқар ауданы Айшуақ округінің әкімі Оралбек Әбшанов Астанада өткен ауыл әкімдерінің диалог платформасына қатысып, Мемлекет басшысының берген нақты тапсырмаларын өзіне түртіп алып, жиынның ерекше әсер қалдырғанын айтты. Бұл туралы облыс әкіміің баспасөз қызметі хабарлады. 

Оралбек Әбшанов  2022 жылы ауыл тұрғындарының дауыс беруімен әкім болып сайланған.

Шалғай ауылдан барған мемлекеттік қызметші Президенттің ауыл әкімдерінің мәртебесін арттыруға қатысты бастамаларына оң көзқарасын танытып отыр.

«Маған ерекше әсер еткені – ауыл әкімдерінің мәртебесін нақты көтеру туралы тапсырма. Бұл реформа жергілікті басқарудың тиімділігін арттырып, әкімдердің жауапкершілігін күшейтеді. Сонымен қатар салықты ауылда қалдыруға қатысты ұсыныстар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді», – деді Оралбек Әбшанов.

Әкім ауылдық жерлерде еңбек ететін мемлекеттік қызметкерлерге қолдауды арттыру туралы тапсырманы да маңызды шешім деп есептейді. Бұған оның өзі – білім саласындағы ұзақ жылдық тәжірибесімен келісе қарайды: ол ауылда мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, кейін мектеп директоры қызметін атқарған.

«Ауылда жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік. Мемлекеттік қызметкерлерге жасалатын қолдау олардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, жұмысқа деген мотивацияны арттырады. Бұл – ауылдағы кадр тапшылығын шешуге де өз ықпалын тигізетін нақты қадам», – деді ол.

Айшуақ ауылдық округі Шалқар ауданында жер көлемі жағынан төртінші орында. Соңғы жылдары округте инфрақұрылым жүйелі түрде жаңарып келеді. Атап айтқанда, барлық ауылдар сумен және жарықпен толық қамтамасыз етілген; 2018 жылы 12 шақырымдық орталықтандырылған кәріз жүйесі салынды; екі жыл бұрын жаңа спорт кешені ашылды; ұялы байланыс толық жолға қойылған; Бегімбет және Есет елді мекендерінде балалар ойын алаңдары пайдалануға берілді.

Қазіргі таңда округте 1376 тұрғын бар. Оның ішінде жұмыссыз ретінде тіркелгендер – небәрі 3 адам. Әкімнің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жыл сайын күшейтілуде.

З.Рахмет

Басқа материалдар

Back to top button