Көкшетаудың әкімі ұстазға құрмет көрсетті

Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Қайыргелдіұлы Күмпекеев тыл ардагері, ұлағатты ұстаз Хадича Халифовнаны 100 жасқа толуымен құттықтады.
«Біз жиі «Ұстаз» деген сөзді айтамыз, алайда оның артында үлкен еңбек пен адам тағдыры тұрғанын әрдайым сезіне бермейміз. Өйткені әрбір тұлғаның қалыптасуында мектеп пен мұғалімдердің еңбегі зор. Мұғалім — өз білімін, төзімін, жүрек жылуын шәкірттеріне арнайтын адам. Сол арқылы қоғамның, ұрпақтың болашағы қалыптасады»,- деді қала басшысы.
Ғасыр жасаған тыл еңбеккері, педагогика саласының ардагері Тенизбаева Хадича Халифовнаның ұстаздық жолын үлгі еткен Көкшетау қаласының әкімі ардагердің соғыс жылдарындағы еңбегінде атап өтті.
«Ұлы Отан соғысы жылдарында ол жас болса да қиындықтан қаймықпай, паровозда кочегар, кейін машинистің көмекшісі болып еңбек етті. Майдан қажеті үшін тасымалданған жүктердің арасында халық шаруашылығына қажетті материалдармен бірге қару-жарақ та болды. Осы қажырлы еңбегі үшін ол «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен және «Үздік паровозшы» белгісімен марапатталған»,-деді.
Хадича Тенизбаева 1963 жылы жұбайы, көрнекті ғалым Жапар Тенизбаевпен бірге Дағыстаннан Көкшетауға қоныс аударып, ұзақ жылдар бойы шаһардағы №4 орта мектепте тарих және қоғамтану пәндерінен сабақ берді. Өз ісіне деген адалдығы, шәкірттерге деген қамқорлығы мен талапшылдығы үшін ол «Халық ағарту ісінің үздігі» атанды.
50 жылдан астам уақытын білім саласына арнаған ұстаздың еңбегі ұмыт қалған жоқ. Қазірдің өзінде оны бірнеше буын шәкірттері зор ықыласпен еске алып, әрдайым құрмет көрсетеді. Ұлағатты ұстаздың өмір жолы — №4 мектептің, қаланың, тұтас өңірдің тарихындағы ерекше беттердің бірі.
Хадича апай саналы ғұмырын еңбекке, білімге, ұрпақ тәрбиесіне өмірін арнаған жан. Қала тұрғындары оны шынайы құрмет тұтып, оның өмір жолын ұрпаққа үлгі етеді.
А.Орынғали