Тау дайындығы және терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығу
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінен құралған Қазақстанның біріккен ротасы жыл сайынғы оқу-жаттығуға қатысу үшін Үндістанға барды.
Үндістанның солтүстік бөлігіндегі Аули қаласын маңындағы «Сурья» оқу-жаттығу орталығында оқу-жаттығудың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Оқу-жаттығуға қатысушыларды қазақстандық әскери қызметшілер атынан «Оңтүстік» Өңірлік Қолбабсшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы полковник Нұрлан Кәрібаев құттықтады. Ол алдағы күндер жауынгерлік дайындық тұрғысынан қарқынды болатын және екі ел әскери қызметшілері өз тәжірибелерімен бөлісетінін атап өтті.
Оқу-жаттығу барысында екі елдің әскери қызметшілері тау даярлығы шеңберіндегі бірлескен жұмыстар мен терроризмге қарсы қауіпсіздік бойынша практикалық сабақтарға қатысты. Десант түсіру кезінде қазақстандық десантшылар үнділік әріптестерімен бірлесіп, таулы жерде парашютпен секірді.
– Күнделікті қызметі тау даярлығынан тұратын әскери қызметшілер үшін оқу-жаттығуға қатысу жауынгерлік дағдыларды арттыруға едәуір ықпал етеді, – деп атап өтті Қазақстан контингентінің командирі подполковник Арман Сабыров.
Алғаш рет қазақстандық және үнділік әскери қызметшілердің бірлескен оқу-жаттығуы 2018 жылы өткен болатын. Содан бері аталған жаттығу екі елдің полигондарында кезекпен өткізіліп келеді.
– «ҚазҮнд» оқу-жаттығуын өткізу Үндістан мен Қазақстан Қарулы күштері арасындағы берік байланыс пен достықты көрсетеді, – деп атап өтті Үндістан контингентінің командирі полковник Яогеш Упадхай. – Оқу-жаттығу аймақтағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау үшін маңызды әрі біз оның қауіпсіздігімізге ықпал ететініне сенімдіміз.
«ҚазҮнд-2024» бірлескен тактикалық оқу-жаттығуы Қазақстан мен Үндістан Қорғаныс министрліктері арасындағы екіжақты ынтымақтастық жоспарын іске асыру шеңберінде өткізіледі.