Қазақстанда бензин тапшылығы болуы мүмкін
Алдағы уақытта төртінші мұнай зауытын салмаса, елімізде бензин, дизель отыны мен әуе керосинінің тапшылығы болуы мүмкін. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкіметке осындай болжам айтты. Себебі, жаңғырудан өткен отандық зауыттардың мүмкіндігі 2022 жылға қарай ішкі сұранысты қамти алмауы мүмкін. Жылдан-жылға сұйық отынға деген сұраныс 4-6 пайыз аралығында өседі екен.
Қазір төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысына байланысты арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның құрамында халықаралық сарапшылар мен Қазақстанның мұнай саласындағы мүйізі қарағайдай мамандары бар. Әзірге нысанның қай өңірден салынатыны белгісіз. Жобаның құнында нақты айтқан жоқ.
(суретте ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев)
Жалпы, жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесін Президент 2014 жылы айтқан болатын. Алайда, бұған жауаптылар Шымкенттегі өндіріс орнының қуаттылығын екі есеге дейін артырамыз деп, жоспарланған құрылыс басталмай қалды. Ал сенім артқан зауыттың мұнай өңдеуден гөрі, жөнделуі көбейіп, маусым сайын бензин тапшылығы жұрттың мазасын қашырғаны белгілі. Осы үшін Нұрсұлтан Назарбаев жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында төртінші зауытты салуды жеделдету керегін айтып, Энергетика министірін сынға алған еді.
«Мен тез арада төртінші мұнай өңдеу зауытын салу керектігі туралы айтқанда, сендер оның керегі жоқ екендігін дәлелдемек болдыңдар. Біз жағдай ушыққанда ғана жұмыс істей бастаймыз. Мұнай өңдеу зауыты туралы шешім қабылдауды тездету керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Энергетика министрі көмір жағып отырған Астана мен басқа да өңірлерді газбен қамту жоспарымен бөлісті. Бұған дейін құны 266 млрд теңге болатын жобаны жүзеге асыруға газ өндіретін ұлттық компаниялардың да, бюджеттің де артық ақшасы жоқ деген Бозымбаев, енді бұл қаржыны Еуропа қайта құру және даму банкінен қарызға алмақ. Жоспар бойынша, газ құбыры Қызылорда, Жезқазған, Қарағандыдан өтіп, Астанаға одан Көкшетау және Петропавл қалаларын жалғауы тиіс.