Блок бекетте тұрған екі полицей көз жұмды
Алматыда блок бекеттен бұзып өтпек болған мас жүргізушінің кесірінен екі полицей көз жұмды, деп хабарлайды sputniknews.kz
Трагедия дүйсенбі таңертеңгі сағат 05:26-да Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ықшамауданында болды. 28 жастағы жүргізушінің басқаруындағы BMW автокөлігі алдымен бетон қоршауды түйген. Содан кейін инерциямен патрульдік көлікке соқтығысқан, оның салонында екі полиция қызметкері отырған.
Оқиға салдарынан 42 жастағы полицей Жалғас Жанғазиев жедел жәрдем келгенше көз жұмды. Аураханаға жеткізілген екінші полицейді де дәрігерлер аман алып қала алмады.
Жанғазиев Жарас Сұлтанғазыұлы 1978 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 2001 жылдан бері қызмет еткен. Үйленген, екі қыздың әкесі.
Полиция сержанты Әбдіқанов Дастан Маратжанұлы 1994 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2016 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет еткен. Үйленген, бір қыздың әкесі.