Түркістан түрленіп жатыр
Түркістан облысындағы көпқабатты үйлер мен зәулім ғимараттар алдағы он жылда көрінбей қалуы мүмкін. Өйткені киелі шаһарда 1 миллион түп көшет отырғызылады. Жайқалған тал — теректер орталық алаңдар мен саябақтардан бөлек көшелерде де көздің жауын алмақ. Көгалдандыру жұмыстары қазірдің өзінде басталып кеткен. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша басталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өзге өңірлер де іске білек сыбана кірісті. Бұл туралы «Евразия» телеарнасы көрсетті.
Елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды. Мемлекет басшысы жуырда жариялаған үндеуінде әкімдерге су тасқынынан зардап шекпеген аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берген еді. Соның аясында Түркістан облысы тазалық жұмыстарын бастап, талдарды әктеп, ағаш отырғызуға кірісті. Акцияға қоғам белсенділері, қала тұрғындары мен еріктілер атсалысты. Айта кетейік Түркістан облысы бойынша 1 млн көшет отырғызу жоспарланып отыр екен.
«Қазіргі таңның өзінде бізде Түркістан облысы бойынша 40 мыңнан астам ағаштарды әктедік, 130 мыңнан астам көшеттер отырғыздық, гүлдер отырғызып отырмыз. Сол себепті осындай таза қазақстан акциясын экологиялық акциясын біздің экологиялық белсенділеріміз жастарымыз қуанышымен қарсы алып отыр»,- дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Арыс қаласы да акциядан қалыс қалмады. «Туған өлке» республикалық науқан аясында орталықтағы саябақтар мен алаңдарды көгалдандыру жандана түсті. Сондай-ақ «Жасыл Арыс» мекемесінің қызметкерлеріне 50-ден астам ерікті көмектесті.
ФОТО: Ашық дереккөз