Басты жаңалықтарҚоғамСаясат

11 мыңға жуық үміткер праймеризге қатыспақ

«Nur Otan» партиясының праймеризіне үміткерлерді тіркеу мерзімі аяқталып, қорытындысы жарияланды.  

Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

«Құрметті достар! Осы демалыс күндері «Nur Otan» праймеризіне үміткерлерді тіркеудің қорытындысы шығарылды. Елбасы, партия Лидері Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша партияішілік сайлау тұңғыш рет республикалық ауқымда өтіп жатыр. Ол – партияны «қайта жандандыру» мен жаңғыртудың қорытынды кезеңі болып отыр.

Сонымен, 17 – 28 тамыз аралығында 10 990 адам тіркелді. Олардың 36,9% — әйелдер, 29,6% – 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан 3090 азамат ұсынылса, ал өзін-өзі ұсынушылар – 7900 адам.

Қатысушылардың орташа жасы – 43 жас.

Бір орынға үміткерлердің ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында – 18. Алматы мен Шымкентте – 9-дан, Жамбыл және Түркістан облыстарында – 6 үміткерден келеді. Шығыс Қазақстан облысында әйелдер және Түркістан облысында жастар ерекше белсенділік танытып отыр.

7 қыркүйектен бастап праймериздің келесі кезеңі – үгіт басталады. 14 – 30 қыркүйек аралығында онлайн режимде жария пікірсайыстар өтеді.

Еліміздің Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аясында қыркүйектің басында біздің өңірлік 216 сайлауалды бағдарламамыздың жобалары жарияланады. Олар халықпен бірге талқыланғаннан кейін жетілдірілетін болады.

Осы орайды пайдалана отырып, өз-өзіне және партиямызға сенім артып, праймеризге өз кандидатурасын ұсынған әрбір жанға алғыс айтқым келеді. Біз олардың адал, ашық және барша қатысушыларға берілген тең мүмкіндіктермен бақ сынауларына бар жағдайды жасаймыз.

Партияішілік іріктеудің жеңімпаздары Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға арналған партиялық тізімдерімізге енгізілетін болады. Бұл – 5,5 мыңнан астам адам. Ал іріктеуден өтпеген, бірақ елеулі қолдауға ие болған азаматтар партияның жаңа кадрлық резервіне енеді.

Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «еліміздегі мәселелерді бірлесіп шешу үшін ашық диалогты қамтамасыз ету маңызды. Праймериз қатысушылары жергілікті жерлерде өзекті мәселелерді ашық көтеріп, кемшіліктерді анықтап, нақты шешімдер ұсынуы тиіс».

Ашық та әділ күресте мықтылар топ жарып шықсын! Елімізді бәріміз бірге өркендетеміз!», – деп жазды Бауыржан Байбек.

 

Басқа материалдар

Back to top button