Тоқаевты кім алдады? (видео)
Былтыр аттап атақтап, айдай әлемге жар салып Ұлы Абайдың 175-жылдығы өткізілді. Әлбетте пандемияға байланысты ас берілмеді, ат шаптырылмады, тіпті халықаралық конференциялар да өткізілмеді. Десе де Жидебайдағы ескерткіш кешеннің жаңартылуына, аудан орталығында біраз нысанның бой көтеруіне қаражат бөлінді. Әсілінде дұрыс шара еді. Бірақ соның бүгінгі көрінісі қандай деген сұрақ туындайды? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Семей мен Жидебайдың арасы. 200 шақырымға жуықтайды. Қазіргі Абай ауданының аумағы. Ұлы ақын жатқан күмбезді кешен күре жолдың бойынан мен мұндалайды. 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту бойынша Президенттің Жарлығы шықты. Осы құжатқа сәйкес, әлемде және ел көлемінде 500-ге жуық шара ұйымдастырылуы тиіс еді. Соның бірі 1995 жылы ашылған Абай- Шәкәрім мемориалдық кешенін жаңарту, жаңғырту шаралары.
Абай Құнанбайұлының былтырғы мерейтойына байланысты мемориалдық кешенде көптеген жұмыстар атқарылған. Әлі де құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бір байқағанымыз, бұл маңға отырғызылған ағаштар, қарағайлар мен декоративті ағаштар қурап кеткен.
Өткен күзде Қасым-Жомарт Тоқаев келген кездегі көрініс. Кешеннің аумағы жап-жасыл. Ал мынау дәл қазіргі жағдай. Бөлінген қаржы бір күндік шараға, Президентке көрсету үшін жұмсалды ма сонда?
Төлеубек Аманғазыұлы, Абай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы:
Біз танымайтын бір ағаштар бар екен. Бұл не дегенде туя деген ағаш екен. Ол бұл жақта өспейді, біз көрмегенбіз. Сондай ағаштар жап жасыл болып тұрған. О табиғи дүние ғой. Ішінде бірен саран өспей қалған, қурайтыны болатын шығар.
Бірен-саран емес, кешеннің аумағы түгел сап сары. Қоршаудың сыртындағы қарайғалар да жалаңаш қалған.
Төлеубек Аманғазыұлы, Абай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы:
Кесене республикалық. Министрліктің қарауында. Оған біздің құқығымыз жүрмейді. 6400 га жері бар. Ондағы нысандарға біздің қол сұғуға қақымыз жоқ. Өзінің меңгерушісі бар. Қызметкерлері бар. 34 адам істейді. Ол семейдегі музейге бағынады. Ол республикаға бағынады.
Министрлікке қарайды деген соң, вице-министрден сұрадық.
Нұрғиса Дәуешов, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі:
Білмеймін енді, сізге сенемін бе, сенбеймін бе. Ол жерде кім болса да Мәдениет министрлігі қадағалау керек қой.
Бұл жерде 34 адам жұмыс істейді екен. Бірақ кешеннен ешқандай қызметкер көрмедік. Тек құрылысшылар ғана. Былтырдан бітпей қалған жерлерді жамап әлек. Мерейтой аясында өңірде ескінің бәрі жаңартылып, қисық дүниелер түзетілген. Жидебайдағы Абайдың қонысы болған музей үйі мен Шәкәрімнің саят қорасы.
Нұрғиса Дәуешов, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі:
Абайдың 175 жылдығына байланысты бөлінген қаржының 3/2қайтарылып берілді. Бұл пандемияға байланысты болды. Қанша бөлінді? Нақты айта алмаймын. Ол халықаралық конференциялар, Жидебайдағы Абай тойын өткізу мәселелері. Оның бәрі өткізілген жоқ.
Вице-министрдің сөзінше, бөлінген қаржының тең жартысынан астамы бюджетке кері қайтарылған. Бірақ көлемі белгісіз. Бұл Абай ауданының орталығы Қарауыл. Қарауыл атанғанымен біз барған күні ақ қарға оранды. Елдімекеннің іші-сыртында ақынның сөздері. Ауданның өзінде қандай жұмыс атқарылғанын сұрап әкімдікті жағаладық. Бірақ жергілікті шенеуніктерден ешкім төбе көрсетпеді. Ең болмаса идеологияға жауапты орынбасарыменде тілдесе алмадық. Ал ауылдың белсенді ақсақалы абайлықтардың базынасын жеткізді.
Төлеубек Аманғазыұлы, Абай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы:
Полигонға байланысты жеңілдіктерді біздің елге берсе дейміз. Біз естиміз, қызылорда да Аралға байланысты әрбір тұрғынға 20-30 мыңға дейін қосымша ақша қосады екен. Аралдың экологиялық апатынан ядролық жарыс, 40 жыл зардап шеккен, біз кемміз бе. Керісінше артық шығармыз. Осы мәселені жазғанбыз, сұрағанбыз.
Жасалған жұмыс сапасыз дейді тұрғындар. Былтыр Үкіметттің тапсырмасы бойынша мерейтой аясында барлық өңірлер Семей қаласын абаттандыруға атсалысуы тиіс еді. Алайда кейбір облыстар пандемияны желеу етіп, бұл міндеттен бас тартқан.
Жанна Шаймұратова, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
Кейбір облыстардандан пандемияға байланысты аулаларды абаттандыра алмайтынын айтып ресми хат жолдады. Пандемия біткен соң міндеттерін орындайтын шығар деп сенеміз. Абай еліне деген жауапкершілікті сезінеді деп үміттенеміз.
Былтыр қаладағы Абай алаңы мен музейдің аумағы жаңартылыпты. Әуезов даңғылын жөндеген. Бірақ біз көрген Семей сүреңсіз.