Мақпал Жүнісова Президенттің қолынан награда алды

Мемлекет басшысы бүгін мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент ұлт руханиятына адал қызмет етіп жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп отыратынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияда тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне де баса назар аударылғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы залда отырғандардың ішінде әнші, домбырашы Татьяна Бурмистрованы, халық әртісі Мақпал Жүнісованың есімін ерекше атап, тоқталып өтті.
– Қазір біздің ортамызда белгілі әнші әрі домбырашы Татьяна Николаевна Бурмистрова отыр. Ол жарты ғасырға жуық уақыт бойы қазақтың дәстүрлі өнерін белсенді түрде кеңінен дәріптеп, жас дарындарға үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Бүгін мен Татьяна Бурмистроваға ең жоғары «Отан» орденін беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Сонымен қатар бүгін жезтаңдай әнші, халқымыз, әсіресе, әйелдер қауымы жақсы көретін өнер иесі, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісоваға екінші дәрежелі «Барыс» орденін тапсырамын. Михаил Лермонтов атындағы ұлттық орыс драма театрының актрисасы Марина Юрьевна Ганцева III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталады. Ол Қазақстан мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосты. Таланты мен көпжылдық еңбегінің арқасында театр өнерін бағалайтын көрерменнің ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленді. Кәсіби мереке күні мәдениетіміздің дамуына зор еңбек сіңірген бірнеше өнер қайраткеріне «Қазақстанның халық әртісі» атағы беріледі. Жалпы, биыл елімізде 120 мәдениет және өнер қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болады, – деді Мемлекет басшысы.
ФОТО: aqorda_resmi





