Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысын сынға алды (ВИДЕО)
Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бейне конференция форматында өткен кезекті отырысына қатысты, деп хабарлайды Jurnalist.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Жиынның күн тәртібінде 2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық дамуы туралы мәселе талқыланды. Отырыс барысында Мемлекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын, соның ішінде, Кубаға Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін беру мәселесін қарастырды.
Қазақстан Президенті өз сөзінде «2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжаттың жобасына ерекше назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл маңызды құжатты қабылдау идеясын қолдай отырып, Стратегияның кейбір бөлімдерін қайта талқылап, әлі де пысықтай түсу керек екенін айтты.
«Алдағы бірнеше жылға арналған интеграцияның негізін қалайтын аталған құжаттың ерекше маңызды екенін ескере отырып, оны әлі де талқылап, бетпе-бет кездесу барысында қабылдаған жөн. Ерте ме, кеш пе, біз бір-бірімізбен кездесеміз», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент осы құжатқа қатысты бірқатар түсіндірме жасады.
https://youtu.be/xutqCUZkWF0