Абай облысында ауылға көшкен адамға мал береді

Енді ауылдың тамырына қан жүгіріп, елді мекендердің әлеуеті артады. Абай облысында «Қаладан – ауылға» бірегей пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл бастама ауылдағы ағайынның табысын арттырып, кадр тапшылығын жоюды көздейді. Қоныс аударғандарға жеңілдетілген несие беріліп, жеке кәсіп ашуға толық қолдау көрсетіледі.
Форумға жиналған ауыл әкімдері жаңа бастаманы жүзеге асыруға сақадай сай екендіктерін жеткізді. Жергілікті атқамінерлер қаладан көшіп келгендердің қорасын малға толтырып, екі қолға бір күрек тауып береміз деп отыр.
» Біздің тараптан берілетін көмектер тегін үй береміз. Одан кейін бір сиыр, бір тайынша, 5 қой, 1 жабағы береміз. Әу баста келген кезде материалдық көмек көрсетеміз. Жалпы ауылдық береке бірлігі өте жоғары. Мал шаруашылығымен де айналысуға болады. Қолайлы жағдайлар жасалған»,-деді Жарма ауданы Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Нұржан Зайырбеков.
Сондай-ақ, облыс әкімі Берік Уәли биыл өңірде жалпы құны 23 миллиард теңгеден асатын 9 ірі жоба жүзеге асырылатынын айтты. Соның нәтижесінде агроөнеркәсіп кешеніне тартылатын инвестиция көлемін 78 миллиард теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
А.Нәби
ФОТО: Ашық дереккөз



