Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл көпбалалы аналардың ашуын келтірді
6 маусым күні елордада бір топ әйел адам митингке шықты. Жиналғандарды сабырға шақыру үшін халық алдында сөйлеген Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың басы дауға қалды, деп хабарлайды jurnalist.kz.
Оның әйел адамдарға дүрсе қоя бергені көпшіліктің ашуына тиген тәрізді. Әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында қызу талқыланған депутаттың сөзіне қатысты қаламгерлер де пікір айта бастады.
«Шәбелеңдеме. Келгеніме рахмет айт. Сендей жаман қатындар халықты арандатады!» – деп дауыс көтерген Бақыт Смағұлдың әрекетін ҚР мәдениет қайраткері Аймұханбет Бейсембеков сынға алды.
«Мына айтқаның шын болса, «Сенген қойым сен болсаң, күйсегенің құрысын» деген мақал еріксіз еске түседі. Сені депутаттардың ішіндегі ұлтжанды, қазақ тіліне судай, өзінің пікірін батыл айтатын азаматтың бірі санаушы едік. Аяғы сен де, Божко, Әйтімова, Косарев, Қарагузова т.б. депутаттардай, «аңдамай сөйлеп, ауырмай өлдің» ғой. Мына сен айтқан үш ауыз дөрекі сөзді танымайтын адамға мәжіліс депутаты тұрмақ, көшедегі кез келген есі дұрыс, мәдениетті адам айтпайды» – деді А. Бейсембеков.
Сатириктің сөзінше, «Шәбелеңдеме» деп қаншық иттерге айтады екен.