Басты жаңалықтарМәдениет

Әнші байыса, кино түсіреді

«Айқын» газетіне осындай материал жарыққа шықты.

Қазанның басында «Звезда родилась» фильмінің тұсауы кесілді. Басты рөлде – Леди Гага мен Брэдли Купер. Қарапайым даяшы қыздың қалай әлемдік жұлдызға айналғанынан хабар беретін мюзикл. Кей жерінде күлдірсе, енді бір жерде еріксіз жылатады. Әнші жолында кездесетін қиындықтар, «жұлдыз» ауруының бойға дендеуі, махаббат – бәрі бар. Актер Купердің режиссер ретінде дебютіне көпшілік жақсы баға берді. Өйткені бір әншінің өмір жолын, талантымен көзге түскен self-made тағдырын әсем көрсете білген. Өз жайын өзі айтатындар бізде де аз емес. Соңғы кезде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп кеткенін жақсыға баласақ па, бос әуре десек пе – белгісіз. Бірақ біздікілер комедияға үйір. Продюсерлікті мойнына алған әншілердің киноға кірісуіне не себеп? Қазақстанға бұл тренд сегіз жыл бұрын ене бастады. Асқар Ұза­баевтың «Ғашық жүрегінің» жар­на­масы жер жарды. Продюсері – Баян Есентаева. Табысы да кеткен шы­ғынын ақтады. 500 мың дол­лар­ға түсіріліп, прокаттан 1 миллион дол­­лар тапты. Мейрамбек пен Мөл­­дірдің махаббаты, Есен­тае­ва­ның қатал сыны мен қиын мінезі кө­рерменін сендірді. Мюзикл эле­мент­тері қосылған комедияның ал­ғашқы бөлімі сәтті шыққан соң, Есентаева екіншісіне кірісті. Бұл жо­лы фильмді Ұзабаев емес, Жа­сұ­лан Пошанов түсірді. Актерлер құ­ра­мында аздаған өзгерістер бар де­месек, басты рөлде бұрынғыша – Бесбаев пен Әуелбекова. Мұнда алғашқысындай музыка көп бол­ма­ды. Кей жерлерде көрерменді жа­лықтырып алған тұстары да бар. Бі­рақ кейіпкерлерді басқа амплуада көр­сете білді. Баянның биыл жа­рық көрген тағы бір туындысы – «Сиситай». Мұнда да продюсер өмі­рінің кей тұстарын көрсеткен. Есен­таева феномені кезекті рет кө­рі­ніс тапты десек, артық емес. Шық­қан бойда қазақстандық ки­ноп­рокаттың көшін бастады.


2013 жылы отандық кино қа­та­ры «Өкінішпен» толықты. Басты рөл­ді сомдаған Қайрат Нұртас ол кез­де отбасы туралы тіс жармайтын, көп­шілікке құпия еді. Сондықтан ән­шінің өмір жолы жайлы түс­і­ріл­ген туындыны тамашалауға талайы ын­тық болды. Лирикалық драмада махаббат пен өкініш суреттелген. Про­д­юсерлік еткен Гүлзира Айдар­бе­кова былтыр «Арман/Когда ан­ге­лы спят» фильмін ұсынды. Мұнда да Қайрат ойнайды. Дегенмен кө­рер­менді қызықтырғаны – әншінің әйе­лі Жұлдыз Әбдукәрімованың кинодағы дебюті. Бұл жерде басты ак­цент Қайратқа емес, келіншегіне түсті. «Өзім жайлы фильм» деп қы­зық­тыруға шебер топ бұл жолы кө­рер­мен шақырудың басқа әдісін тап­ты. «Ешкімге көрсетпеймін, алам да көкке ұшамын» деп жүрген ән­ші әйелін үлкен экраннан көр­сетті. Жұлдыздың актерлік ше­бер­лі­гін мойындағандар да баршылық. Бұл енді – басқа әңгіме. Өз жайын айтқандардың ішінде аты шулы Ninety One тобы бар. Бұл жо­баға әншілермен бірлесіп жұмыс іс­теуде тәжірибелі Асқар Ұзабаев бі­лек сыбана кірісті. Кілең коме­дия­дан көз ашпай жүрген режиссер өмі­ріне өзгеше реңк бергісі келе­тін­дей сезіледі. Өйткені коме­дия­ла­рына драма элементтерін көбірек қосу­ға ұмтылады. Осы орайда бұл фи­льмді түсіру Ұзабаевқа ұнаған бол­са керек. Әңгіме музыкалық топ­тың қалыптасуы жайлы бол­ға­ны­мен, кинода әуен аз. Музыка мен басты рөлдегі музыканттардан эк­ранда продюсер Беделханның бет-бейнесі көбірек деген реніштер де айтылды. Дегенмен бұрын­ғы­лар­дан басқа стиль байқалды. Со­ның ішінде операторлық жұмыс, эмо­цияларды жеткізуде – шеберлік жо­ғары деңгейде. Ел ішінде топтың кон­цертін болдырмай, қоғамда не­гатив қаптаған кезде дауысын ес­тірткісі келген мақсат орындалған сияқты. Күні кеше Төреғалидің тағдыры туралы туындыны тамашалап қайт­тық. Фильм «Ұлы дала комедиясы» де­ген атау алды. Соңғы кездері кез кел­ген жерге «Ұлы дала» тіркесін қосу трендке айналды. Тақырыптан тыс айта кететін бір жайт – бізде тіп­ті «Ұлы дала кілемдері» де тоқы­ла­ды. Сөздің сәні осындайдан ке­те­­тін болса керек. Көп жеген бал жү­рек айнытады. Жөнсіз жерде «ұлы даланың» мәні де жоғалмаса бол­ғаны. Енді, киноға оралайық. Тір­кесті Төреғали алғашқылардың бірі болып иемденіп алды. Өзінің ай­туынша, ол – Ұлы дала баласы. Ел­дің еркесі, Төреші атанған ол әб­ден масаттанып, «жұлдыз» ау­руы­на шалдығады. Көзін шел басып, есі кетеді. Тәубеге түсіруші кейіп­кер Төреғалиді қарапайым Тал­ғаттың кейпіне енгізеді. Фильм сценаристерінің жұмысына жақсы баға беруге болады. Өйткені сюжет ара­сындағы байланыс, диалогтар сәт­ті шыққан. Әзілдері де осыған дейін­гі комедияларға қарағанда са­палырақ. Әншінің басы бірнеше рет дауға қалғаны бар. Басты мес­седж – сол қылықтарына сұраған ке­шірімі, қатесін түсінгені. Актер­лік шеберлікке келсек, Төреғали өзін ойнаған соң ба, шынайы шық­ты. Сөйлеу мәнері, істеген ісінде жа­сандылық жоқ. Бірақ бұл да үзең­гілестерінің туындылары ки­ген кейіпте қалатын болса керек. Бі­раз уақыт фильмдегі сленгтермен сөй­леп, «Мына макаронның іші пы­сып кетпей ме?» деп әзілдеп жү­рер­міз. Бірақ аздан соң ел есінен ұмы­тылады да қалады.

Әншілердің жаппай кино түсі­ріп, соның ішінде өмірінен сыр шерт­кеніне қатысты мамандардың не ойлайтынын да білдік. Режиссер Жан­дос Құсайын «жұлдыздарға тыйым салуға құқымыз жоқ» дейді. Де­генмен түсірген кезде идеоло­гия­лық тұрғыдан берері бар дүние бол­са құба-құп екенін атап өтті. «Біз – қай жағынан болса да, өт­пелі кезеңді бастан өткеріп келе жат­қан қоғамбыз. Сондықтан та­лап пен пікірдің қайыспайтын тұсы көп. Мысалы, құқықтық қоғам құр­­­­ғымыз келеді, нарықтық эко­но­микада өмір сүріп, әркім қалағанын жа­саса дейміз. Жанымызға жақын дү­ниені кәсіп қыламыз. Біздің та­лабымыз осындай. Бірақ пікіріміз бұ­ған қарама-қайшы. «Сен мына­ны істе, мынаны істеме» деп шыға­мыз. Әншілердің кино түсіруіне қа­тысты да осылай айтылып жүр. Ки­но, музыка, театр, сурет – бір-бірі­не жақын, егіз мамандықтар. Яғ­ни, театр факультетінде оқыған адам музыканы жақсы көреді. Во­калдан сабақ алса, актерлікті қоса үй­ренеді. Сол себепті фильмді кім­нің түсіргенінен гөрі қалай түсір­ге­ні маңызды. Талқы осы тақырып төң­ірегінде болуы тиіс. Көрер­мен­дердің «әншілер фильм түсіріпті» де­­генін естіп, зәрезап болатын бі­раз себебі бар. Бұған дейін біраз ән­шілер осы тұнықты лайлап келді. Жарқ-жұрқ көп, өмірлерін көр­се­тіп, өз басына тән болмашы проб­ле­маны халыққа алып шықты. Бұ­рын «Мейрамбек синдромы» деген бол­ды. Яғни, ол ауырып қалған кез­де халық жаппай қолдап, аяп, оған деген махаббаты бұрыннан бетер күшейген. Мейрамбектің ол синдромы табиғи процеспен, та­бысты өткен шығар. Бұл тәсілді қол­данғысы келген кейінгілердікі сәт­сіз болды. Міне, көрерменнің ән­шілерге сенімсіздікпен қарайтын се­бебі – осы. Мысалы, Төреғалидің фильмін алып қарайық. Комедия жан­рының заңдылығына сай түсі­ріл­ген. Сондықтан оны Төреғали түсір­ді ме, басқа ма – маңызы жоқ. Бас­тысы, фильм тамаша шықты. Ко­медия өзі екіге бөлінеді. Бірін­шісі, ситуациялық түрінде жағдай ко­медиялық сипатта болады да, ак­терлер драмалық рөлде ойнайды. Екін­шісі, сюжеттік желіге құры­лып, актерлердің мінезіне лайық­та­лады. Мінезіне құрылатындардың жар­қын мысалы – Гайдардың фи­льм­дері. Жалпы, комедияны түрлі трак­татта талдай беруге болады. Мә­селен, мимикалық комедиялар бо­лады. Мұны қазақшалап «ыр­жа­қай» дейміз. КВН-де көбірек қол­да­нылады. Бұл қазақтарға бөтендеу. Сон­дай-ақ ситуацияның өзі күлкілі бо­лады. Оған Рязановтың фильм­де­рін мысалға келтіре аламыз. Бі­рақ кейіпкерлері драма ойнап жү­ре­ді. «Ұлы дала комедиясының» ка­тегориясы осыған көбірек келеді. Бұл – қазақтарға жақын комедия. Тө­реғали өз басындағы трагедияны ой­нап жүр, бірақ ситуация коме­дия­ға құрылған соң біз күлеміз. Ен­ді мақсатына келсек, әншілер тү­сірген фильмдердің басым бөлігі ақша табу, имидж қалыптастыру үшін түсіріледі. Оларға «түсірме, қой» деп айта алмаймыз. Ұнамаса, қарамаңыз. Сол фильмдерде күл­діру үшін күлкілі бір дүние ойлап та­буға тырысады. Тіпті оқиғаға оның қатысы болмауы да мүмкін. «Ұлы дала комедиясында» сце­на­рис­тердің жұмысы өте тамаша. Әзіл­дері қазақы аудиторияға өте та­ныс, астарлы. Әрі Төрағалидің өмірінен хабардар адамдар түсі­не­тін әзілдер де бар. Қазақстандағы ки­но саласында әсіресе, коме­дия­ның жақсы дамып келе жатқанын бай­қаймын. Драматургиялық, ак­тер­лік жағынан даму бар. Бірақ тех­никалық жағынан, әрине, ин­дус­трия емес. Әлемде 20 шақты ки­нодержава бар. Үндістан, Корея, Жа­пония, Америка сияқты алпауыт емес­піз. Біз киноға әлі өнер дең­гейін­д­е қараймыз. Осыған қоса кі­шігірім болсын, идеологиялық тұр­ғыдан қарайтын саңылау таба­тын болсақ, ол – үлкен олжа. Төре­ға­лидің фильмінде отбасы тақыры­бы жақсы қозғалған. Ана мен ба­ланың қарым-қатынасы, әйел мен күйеудің байланысы көрсетіледі. Ба­сына қонған бақты көтере ал­маудың салдары көрініс тапқан. Яғ­ни, көрерменге моральдық жа­ғы­нан берері бар. Яғни, фильмдерде осы­ған көбірек мән берілсе екен дей­мін» дейді режиссер.

Тақырыптың тоқетері: Аниматор Адай Әбілда газетімізге берген сұхбатында «Бізге әзір сапа туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ. Санның соңы – сапа. Қазір санның көп болғаны дұрыс» деген болатын. Әлбетте, ол кезде әңгіме отандық мультфильмдер хақында болған. Мұны бәлкім, кинематографқа да қатыстырып, өзімізді «жұбатсақ» па екен? Өзі жайлы кино түсіргеннен бөлек, өзі кино түсіріп жүргендер тіпті көп. Біркелкі, жеңіл әзіл мен отбасы – ошақ қасындағы тақырыптарымен Әсел Сәдуақасова талай сыналып та жүр. Басқаша бағыттан бастаған Бүркіт былтыр «Логовосын» ұсынды. Қазақстандық триллерді түсіріп болған ол келесі жобасын бастап кетіпті. Ерке Есмаханның «Махаббат кафесінің» тұсауы да күні кеше кесілді. Әншінің алаяққа тап болған оқиғасының негізінде түсірілген фильм де комедия жанрында. Бір байқағанымыз, кино басталмас бұрын берілетін жарнамада қазақстандық өнім көп. Соның басым бөлігінің продюсер-лері – жұлдыздар. Әншісі бар, әзілкеші бар тынбай еңбек етіп жатқандай. Саны көбейіп келе жатыр екен, сапа жайлы ойланатын кез де көз ұшында болса керек. Жұлдыздар ұсынған туындылар ақша табумен қатар, ақталуға бағытталатындай. Әлдебір назын жеткізудің тәсілі қылып алған ба дейсің. Әлде бұл жай ғана «әнші байыса, кино түсіредінің» кебі ме? Мұндай қадамдарына жақсы қараймыз ба? Қалай, ағайын?! Жадыра АҚҚАЙЫР

Басқа материалдар

Back to top button