Мектептерге тағы бір тест енгізілмек

Елімізде оқушылардың білім сапасын тексеретін халықаралық зерттеу басталды. Жобаға өңір-өңірдегі 219 мектептің 4 сыныпта оқитын 9 мыңға жуық баласы қатысады. Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.
Оқушылармен бірге, олардың ата-аналары, мұғалімдері мен мектеп басшылығы да қатар тексеріледі екен. Тестілеу толықтай электронды форматта, 1 сәуір мен 15 мамыр аралығында өткізіледі. Ал нәтижесі келер жылдың желтоқсан айында белгілі болмақ. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, мұндай зерттеуге тек біздің ел ғана емес, әлемнің 50 мемлекеті қатысады. Бұл тестілеу оқушылардың оқу сауаттылығы, математика мен жаратылыстану пәндері бойынша білім деңгейін бағалауға арналған. Ал ата-ана мен мұғалімдерге қатысты талап басқа.
— Ата-ананың баланың оқу процессіне қаншалықты қызығушылығы бар, оның жақсы немесе жаман өтуіне қандай факторлар оның білім деңгейінің төмендеуіне әсер етеді осындай сұрақтар қойылады. Яғни бұл ата-аналарға тестілеу болмайды. Бұл сұрақтарға жауап беру арқылы олар керісінше негізгі факторларды анықтауға көмектесетін болады, дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің бас сарапшысы Нәбира Марбанова.
А. Нәби
ФОТО: Ашық дереккөз


