Ринат Зайытов Президенттен алған наградасын «авансқа берген» шығар деді

Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Ринат Зайытов Президенттің қолынан алған мемлекеттік наградасына қатысты пікір білдірді.
«Ұялып тұрмын» деген Зайытов «Аванспен берген шығар деп ойладым. Түбінде мәдениет саласына қайраткерлік жасайды деп. Бірдеңе үшін берсе, демек әрекет жасауым керек. Өзіме өзім уәде бердім, 4-5 мақсат қойдым. Соның біреуі орындалса сол күні оны жарқыратып тағамын», деді.
Марапаты үшін ұялған депутат мәдениет қайраткерлігіне лайық адамдардың көп екенін айтып, олардың тізімін атасам ұзақ, деп қысқа қайырды.
Жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны таныстырған күні елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, заң мен тәртіпті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады. Солардың арасында Ринат Зайытов та болды.
А.Нәби
ФОТО: Ашық дереккөз



