Баласының емі үшін бар дүниесін сатуда (видео)
Күні кеше көрші балалармен асыр салып ойнап жүрген балақай бүгінде өмір мен өлімнің арасында қалды. 4 жастағы Астана тұрғыны Нұрқадыл Хибадаттың бойынан қатерлі ісік табылған. Қазақстандық дәрігерлер барын салғанымен асқынып бара жатқан аурудың бетін қайтара алмаймыз деп ашық айтыпты. Ендігі үміт шетелдік мамандарда. Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.
Амандық Хибадаттың шаңырағына кенже баласының ауырғаны қатты батқан. Осыдан бірнеше ай бұрын ғана орталарында ойнап жүрген перзенті аяқ асты ауырып, бойынан қатерлі ісік табылғанын естігенде есеңгіреп қалыпты. Әуелде Нұрқадылдың беті қарағанда бір жасап қалғанымен, қуаныштары ұзаққа созылмаған.
АМАНДЫҚ ХИБАДАТҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Ана мен балада күрделі екі ота жасалды. Алты курс жоғары дозалы химия терапия берілді. Соған қарамастан ісіктің қайта өсіп жатқанын анықтап отыр. Біздің отандық дәрігерлер қолдарынан келгенін жасады. Енді айтып отыр қайталанып өскен жағдайда бізде оны емдейтін протокол жоқ дейді. Біздің қолымыздан келмейді дейді».
Өмірлерінің қызығын дертке қимаған ата-ана дереу шетелдік клиникаларға хабарласып құжаттарын жіберген. Баланы емдеуге болады, бірақ құны арзан емес екен. Мысалы, Германияда 280 мың доллар, Израильде 300 мың, ал Америкада 500-700 мың доллар аралығында сұраған. Қалта көтереді-ау деп Түркияны таңдапты. Ем-домға 140 мың доллардай қажет.
АМАНДЫҚ ХИБАДАТҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:«Қазіргі таңда 30 мың доллар туысымнан қарыз алдым. Соның сыртында қолымызда бар ақша 50 мың доллар жинадық. Оның 30 мыңы қарызға алып отырмыз. Енді еміне ар жағында 29 мың доллар керек. Трансплантация жілік майын ауыстыру егер өзінікін ауыстырса 40 мың доллар, егер туысынікін ауыстырса доннар онда 65 мың доллар».
Нұрқадылдың жайын айтып отырғанда телефон шыр ете қалды. Көңілі күпті болып жүрген әке баласын көргенде толқып кеткені рас.
«Жаным сол. Сәлем де Нұрхәділ. Жағдайың қалай Нөни?»
Кішкентай Нөниді ағасы мен әпкелері де оны сағынып жүргені байқалады. Оның ойыншықтары бір бұрышта жиналып тұрғанына біраз болған. Үйдің іші де тым тырыс.
ТӘНЗИЛА ХИБАДАТ:«Нұрхәділдің жасы төртте. Ол біздің кенже бауырымыз. Біз оны қатты сағындық. Оның үйге қайтып келуін қалаймыз. Ол өзі ашық бала. Үйде жүгіріп ойнап жүреді. Біз оны қатты сағындық».
Телефон соққан сайын 4 жастағы балақай әкесіне «Мен үйге қайтып келемін. Маған Құдайым көмектеседі» — деп айтады екен. Біздің түсірілім тобы келгенін естіген анасы қол ұшын созып жатқан барлық жандарға алғысын айтты.
ЖҰЛДЫЗ АЛПАМЫСҚЫЗЫ, НҰРҚАДЫЛДЫҢ АНАСЫ:«Ең бірінші туған туыстарымыздың және осындай жағдайға бейжай қарамайтын қайырымды халықтың арқасында міне алғашқы қаражатты жұмсап емімізді бастап кеттік. Алғысымыз кешсіз».
«Көп түкірсе көл деген сөз бекер айтылмаған шығар» — дейді Амандық Хибадат. Бүгінге дейін бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. 140 мың доллар деген аз қаражат емес оны табуға, жинауға жауық керек. Бірақ, қатерлі ісік күтпейді, күн санап асқына береді.
АЙБЕК ҚОСАН, ТІЛШІ:«Малым — жанымның садақасы» — деп отырған кішкентай Нұрхәділдің отбасы бар дүние мүлкін саудаға шығарған. Көлік пен техникадан бастап өз күштерімен салған үйлеріне дейін сатуды көздеп отыр. Бірақ есептей келгенде оның өзі емдеуге жетпейтін көрінеді. Ендігі үміт қайырымды жандарда. Жомарт жандар көмектесіп жатса Түркияда емделіп жатқан бала аман есен өз үйіне өз еліне оралуы мүмкін».