Индустриялық ренессанс: қазақстандық зауыттардың жаңа келбеті

Әлемдік геосаяси құбылыстар мен экономикалық турбуленттілік кезеңінде кез келген мемлекеттің шынайы егемендігі оның зауыттарының түтіні мен цехтарындағы станоктардың үнімен өлшенеді. Қазақстан үшін «шикізатқа тәуелділік» кезеңінен өтіп, жоғары технологиялық өндіріске бет бұру жай ғана таңдау емес, бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бүгінде отандық машина жасау саласы экономиканың жай ғана бір сектор емес, оның интеллектуалды және техникалық «арқасүйеріне» айналып үлгерді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында: «Машина жасау өнеркәсіптің өзегі және экономиканың технологиялық деңгейінің көрсеткіші. Біз құрастыру деңгейінен терең локализация жасауға, яғни толық циклді өндіріске көшуіміз керек», — деп нақты міндет қойған болатын. Бұл бағытта Қазақстан машина жасаушылар одағының стратегиялық үйлестіруші рөлі ерекше.
Бүгінде біз жай ғана «дөңгелек тағу» кезеңінен өтіп, шанақ дәнекерлеу мен бояу секілді күрделі технологиялық операцияларды толық игерген кезеңге аяқ бастық. Одақтың бастамасымен әзірленген 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспардың нәтижесінде машина жасау өнімінің көлемі соңғы 5 жылда 3 есеге өсті. Ал отандық көлік жасау нарығындағы «Made in KZ» таңбасы бар өнімдердің үлесі 70%-дан асты.
Машина жасаудың заманауи моделі тек алып зауыттармен шектелмейді. Одақтың қолдауымен бүгінде ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнес кластерлері қалыптасуда. Бұл отандық компоненттерді (орындықтар, аккумуляторлар, техникалық сұйықтықтар мен пластмасса бөлшектер) шығаратын жүздеген жаңа кәсіпорын деген сөз. Осылайша, машина жасау саласы бүкіл отандық кәсіпкерлікті алға сүйрейтін локомотивке айналып отыр.
Бұл саланың бір ерекшелігі, мұнда ашылған 1 жұмыс орны сабақтас салаларда (металлургия, логистика, қызмет көрсету, ІТ) 5-тен 8-ге дейін қосымша жұмыс орнының пайда болуына септігін тигізеді. Бүгінгі инженер ескі стереотиптегі маман емес, ол күрделі бағдарламалар мен «цифрлық жүйелерді» басқаратын жаңа заманның интеллектуалды маманы. Одақ қолдауымен дамып жатқан дуальды оқыту жүйесі біздің жастардың халықаралық деңгейдегі маман болып қалыптасуына кепіл.
Қазақстандық машина жасаудың ертеңі Индустрия 4.0 элементтерін енгізумен тікелей байланысты. Зауыттарды автоматтандыру, робототехника мен жасанды интеллект өндіріс шығындарын азайтып, қазақстандық өнімнің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Біздің алдымызда Орталық Азия нарығында көшбасшыға айналу міндеті тұр. Отандық локомотивтер, автобустар мен ауыл шаруашылығы техникасы қазірдің өзінде Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан нарығына сенімді түрде жол тартты.
Машина жасау бұл тек металл мен тетіктердің жиынтығы емес. Бұл ұлттың инженерлік ой-санасы мен тәуелсіздігінің техникалық негізі. Қазақстан машина жасаушылар одағы секілді кәсіби бірлестіктер мен мемлекеттің жүйелі саясатының арқасында біз бүгін «темірге жан бітіру» арқылы қуатты Қазақстанның іргетасын қалап жатырмыз.
P.s: Менің байқауымша, машина жасау саласы бүгінде жай ғана зауыттардың жиынтығынан ұлттық мақтаныш пен инновацияның орталығына айналып келеді. Отандық цехтарда құрастырылған әрбір тетік, әрбір техника бұл біздің «шикізаттық шеңберден» шығып, жоғары технологиялық мемлекетке айналуға деген нық қадамымыз. Саланың болашағына деген оптимистік болжамым мынадай: алдағы онжылдықта Қазақстан Орталық Азияның машина жасау «хабына» ғана айналып қоймай, өз брендтерімізді әлемдік нарыққа танытады деп сенемін. Бұл сенім зауыттардағы роботтарға емес, сол роботтарды басқарып, темірге жан бітіріп жүрген біздің жас инженерлеріміздің көзіндегі от пен біліміне негізделген. Біз темірді илеу арқылы ертеңгі мықты, тәуелсіз және технологиялық Қазақстанның іргетасын қалап жатырмыз.
Айбек Қосан
ФОТО: Ашық дереккөз





