Семейде 50 отбасына пәтер берілді

8 наурыз қарсаңында Семейде 50 отбасын қуантып, баспана кілті табысталды.
Пәтерлер «Абай елі» тұрғын үй кешенінен берілді. Үйлі болғандар қатарында жетім балалар, көп балалы отбасылар және әлеуметтік осал топтағы тұрғындар бар.
Салтанатты шараға «Отбасы банк» қызметкерлері де қатысты.
Өткен жылдан бері халықты баспанамен қамту мақсатында 360 жалдамалы пәтер сатып алынып, олар «Отбасы банк» арқылы кезең-кезеңімен үлестірілмек. Бұдан бөлек, «Абай жастары» бағдарламасы бойынша 40 пәтер беру жоспарланып отыр.
— Бұл баспаналар көп балалы отбасыларға, әлеуметтік осал топтарға және жетім балаларға беріліп отыр. Әрбір отбасы үшін өз үйінің болуы – үлкен бақыт, үлкен үміттің бастауы. Атамыз қазақ айтқандай «үйі жоқтың күйі жоқ» демекші үйі болмаса ешкімде өз үйім өлең төсегім деп өзін емін-еркін сезіне алмайды. Сондықтан баспаналы болғандарға тағы құтты болсын айтқым келеді,-деді облыс әкімі Берік Уәли.
А. Нәби
ФОТО: Ашық дереккөз



