Инстаграм арқылы тон, әшекей бұйымдар сатқан алаяқ келіншек ұсталды
Бұл туралы блогер Аршат Ораз әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. 15-17 қазан күндері полицейлер профилактикалық шара өткізген. Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстың жолын кесуді көздеген шара барысында 25 жасар келіншек ұсталған. Ол интернетте халықтың сеніміне кіріп, зат сатамын деп алдын ала ақшасын алып, жоғалып кеткен. Осылайша 8 адамды сан соқтырып кеткен.
«Іс-шара барысында полицейлер 25 жастағы еш жерде жұмыс істемейтін қарағандылық келіншекті ұстаған. Әйел алаяқтықты интернетте жүзеге асырған. Негізінен ол Instagram әлеуметтік желісінде қымбат тондар мен әшекей бұйымдарын арзан бағада ұсынып келген. Ал клиенттерімен тек WhatsApp желісі арқылы ғана тілдескен, себебі дауысынан танып қоймасын деп сақтанған. Ол өзгелердің банктегі шоттарын қолданып келген, клиент ақшасын аударысымен номерді бұғаттап, акаунтты және ұялы телефон номерін де өшіріп тастап отырған. Негізінен ол клиенттерінен ақшаны Qiwi-әмиян арқылы алып отырған. Осылайша ол қаламыздың сегіз тұрғынын сан соқтырып 1 млн теңге көлемінде қаржы алған. Қазіргі уақытта ұсталған азаматша қамауға алынып, ҚР ҚК 190-бабының 2 бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде (алаяқтық)», делінген полиция департаменті таратқан хабарламада.