Тоқаев йогамен шұғылданатынын айтты

«Turkistan» газетіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күн сайын йогамен айналысып, аптасына екі рет үстел теннисін ойнайтынын айтты. Осылайша 9 кг салмақ тастапты.
«Сіздің денсаулығыңыз жайлы түрлі әңгіме айтылып жатады» деген сауалға Президент: «Денсаулығым жақсы, қан қысымым қалыпты. Күн сайын йогамен шұғылдануды әдетке айналдырдым, бірақ медитация жасамаймын. Бұрынғы кәсіпқой спортшымен аптасына екі рет үстел теннисін ойнаймын. Расымен, тоғыз келі салмақ тастап, өзімді әлдеқайда жайлы сезінетін болдым»,-деп жауап берді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев басқа да мемлекет басшыларының қандай спортпен айналысатынын айтты.
– Таяуда Бішкекте өткен бейресми іс-шара кезінде Путин жас дзюдошыға қарсы әдемі әдіс жасап, аға буынның абыройын көтеріп тастады. Әлиев те мықты, кәнігі спортшы сияқты үнемі жаттығады, Жапаров футбол ойнайды. Мирзиёев те ширақ, ол жаттығу залында шынығады. Пашинян велосипед тебеді. Лукашенко әлі күнге дейін хоккей ойнайды екен. Кезінде теңіз-әскери күштерінде болып, әбден шыныққан Рахмонның да денсаулығы жақсы. Бір сөзбен айтсам, әріптестерімнің бәрі де бабында, — деді.
А.Нәби
ФОТО: Ашық дереккөз



