Түркістан облысында 81 мыңнан астам түлекке аттестат берілді

Түркістан облысының барлық білім беру ұйымдарында оқушыларға білім алғанын куәландыратын құжаттар табысталды. Мектеп директорлары бітіруші түлектерге сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірді. Түлектер ұстаздарына алғыс айтып, білім алған алтын ұяларымен қимай қоштасты. Аттестат түлектерге өзі білім алған мектептерінде салтанатты түрде берілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
2024-2025 оқу жылында Түркістан облысы бойынша мектепті 33 мыңнан астам оқушы бітіріп, оның 27 386-сы Ұлттық бірыңғай тестілеуде бағын сынады. Түркістан облысында биыл 47397 оқушы 9 сыныпты бітіріп, бәріне аттестат берілді. Оның ішінде «Үздік аттестатқа» 5293 оқушы қол жеткізді. Ал 11 сыныпты 33 813 оқушы аяқтап, қолдарына мектепте білім алғандарын растайтын аттестат тапсырылды. Оның ішінде, 2272 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісін, 2400-і үздік аттестат иеленді. Осылайша 2024-2025 оқу жылында Түркістан облысында 9,11-сынып түлектерін қосқанда 81 мыңнан астам оқушыға аттестат табысталды.
А.Орынғали



