Нартай Сәрсенғалиев: біз кімді алдап жүрміз? (видео)

“Біз кімді алдап жүрміз?” Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жұмыссыздар жайлы статистика қолдан жасалып отырғанын айтып дабыл қақты. Салдарынан халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған бағдарламалардың тиімділігі төмендеп жатқан көрінеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биыл Қазақстан халқының 4,6 пайызы, яғни 451 515 азамат жұмыссыз деп көрсетіліпті. Ал ресми сандарда алшақтық байқалады. Қазақстан халқының жалпы саны 20,2 миллион болса, соның ішінде 11,5 миллионы еңбекке қабілетті. «Елдегі жұмыссыздықты жоямыз десек алдымен жалған мәлімет беруді тоқтату керек!» — деген депутат өзге де бірқатар деректерді жіпке тізді.
“2024 жылдың 10 айында халықты жұмыспен қамтуға арналған субсидиялық 6 бағдарламаға 180 031 адам қатысыпты. Олардың әрқайсысына ай сайын бюджеттен ақша төледік! Соңында соның тек 26 194-і ғана тұрақты жұмысқа орналасқан. Тағы бір дәлел, «Жастар практикасы» бағдарламасына 2024 жылы 33 300 жас қазақстандық қатысқан. Бағдарлама тәртібіне сәйкес олардың әрқайсысына айына 117 960 теңге төленді. Соған қарамастан тек 7400 жас азамат қана жұмысқа орналасыпты»,-дейді депутат.
Нартай Сәрсенғалиев жұмыссыздықты анықтау әдістемесін қайта қарау қажет деп санайды. Сондай-ақ, жастарға арналған микрокредит беру бағдарламасының талаптарын жеңілдетуді және “Жастар практикасы» бойынша жұмысқа алынған мамандарды тұрақты жұмысқа орналастыруды міндеттеуді ұсынып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады.
А.Нәби
ФОТО: Ашық дереккөз



