Президент балаларға арналған бағдарлама ұсынды

Елімізде балаларға арналған жаңа бағдарлама ашылмақ. Ел президенті Бурабайда өткен Құрылтайда осындай ұсыныс тастады. Қасым-Жомарт Тоқаев біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды екенін айтты. Сондықтан «Қазақстан балалары» біртұтас жобасын енгізу керек деді. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі аяқталатынын атап өтті. Дегенмен жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері бұл жұмыстардан шет қалып отыр екен.
«Шашыраңқы болып тұр бәрі. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн. Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды»,- деді Президент.
А.Нәби
ФОТО: akorda.kz