Қазақстандық медиа альянс қазақ тілін менсінбей ме!?
Арманжан Байтасов құрған «Қазақстандық медиа альянс» қазақ тілін менсінбей ме? Өткен жылдың қазан айында құрылған ұйымның сайты әлі күнге дейін тек орыс тілінде. Сайттың қазақ тіліндегі нұсқасы ашылмайды, Есесіне орыс тіліндегі нұсқасы 2017 жылдың қазанынан бері күнделікті жаңартылып отырады. 4-5 ай өтсе де ресми сайтының қазақ тіліндегі нұсқасын жасай алмаған ұйымнан не күтуге болады?
Еске сала кетейік, «Қазақстандық медиа альянс» журналистердің шығармашылық, әлеуметтік және кәсіби мүдделерін қорғау үшін құрылған болатын. Оның құрылтай жиыны Қазмедиа орталығында өтті. Ұйым құрылтайшыларының басым бөлігі медиашенеуніктер. Олардың ішінде Батыр Қазыбаев, Ерлан Қарин, Шамшидин Патеев, Нұртөре Жүсіп, Нұржан Мұхмеджанова, Дана Орманбаева, Айдар Жұмабаев, Виктор Кияница, Михаил Дорофеев, Арман Шураев секілді әріптестеріміз бен бірқатар блогерлер бар.
Ұйым салалық заңдарды талқылауға атсалысып, БАҚ өкілдерінің мүддесін қорғамақ болып жүр. Құрылтай жиынында ұйымға кіру жарнасы 10 000 теңге көлемінде, ал айлық жарна 5000 теңге деп бекітілген болатын.
Айта кету керек, елімізде журналистердің басын біріктіретін бірнеше үкіметтік емес ұйым бар. Оның ішінде «Бас редакторлар клубы» мен «Журналистер одағы» және «Гильдия судебных репортеров» ұйымдары бар.